Биыл Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Дәрібаевтың туғанына 95 жыл толып отыр.
Алтынбек Дәрібаев Оңтүстік өңірде дүниеге келіп, жастайынан жетімдіктің, жоқшылықтың тауқыметін тартқан бала Алтынбек Шәуілдірдегі балалар үйінде тәрбиленді, он жылдық орта мектепті бітірді. Сосын тағдыр оны Теміртаумен тоғыстырды, бұл оның еңбек жолын бастаған, сол еңбектің көрігін қыздырған, бағалаған, даралаған мекеніне айналды.
Алтынбек Дәрібаев 1927 жылы Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Шәуілдір ауылында туған. Еңбек жолын 1943 жылы колхозшы болудан бастады. 1943 жылы комсомол жолдамасымен Қазақ металлургия зауытына жұмысқа келеді. Осында әуелі болат балқытушының көмекшісі, сонан кейін болат балқытушының өзі, содан кейін мартен цехының мастері болып істеді.
Облыстағы халық шаруашылығының жетекші салаларының бірінен саналатын металлургия өндірісінде он екі мың қыздар мен жігіттер істеген.. Мұндағы Қарағанды металлургия комбинаты қара металлургия өндіретін басты кәсіпорындардың қатарына жатады. Комбинат құрылысын комсомолдық екпінді құрылыс деп жариялаған жастар шын мәнінде оның қожасы болып табылады.
Алтынбек Дәрібаев жетекшілік ететін комсомол-жастар бригадасының даңқы облыс көлемінен тысқары жерлерге де кеңінен әйгілі. Жас болат қорытушылардың негізгі құрал-жабдықтың жоғары өнімділігіне жету жолындағы көтерген бастамасын Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мақұлдаған.
Өткен бесжылдықта еңбек коллективтеріндегі жұмыс сапасы айтарлықтай жақсара түсіпті. Комсомол-жастар коллективтері жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің, озат тәжірибе жинақтаудың мектебі ретінде, өндірістің білгір шеберлерін даярлайтын көрік ретінде өзінің тиімділігін көрсетіп берген.
Белгілі қаламгер Смағұл Тілеубердінің естелігінде «Дәрібаев ағамыз: «Соғыс жылдарында үйдегі екі кетпеннің біреуінің «желкесін үзіп» әкелгенімде, әкем: «Соғыс дегенің анау, уақыт болса тар, әрбір шеге қат. Сен соқталдай азаматсың, он жетідесің. Осы кетпеннің, шеге екеш шегенің қалай жасалатынын, қандай еңбекпен келетінін көрер ме едің?» - деп еді. Аузына Құдай салған болар ертеңінде Теміртауға шақыру қағазы келді. Кейін Е.Проскурин бізге келіп, 250 тонналық конверторда Алтекең екеуі тағы да өткізген достық балқымасы жоспарлы 60 минуттың орнына 32 минут балқытылып, сапасы мен салмағы да сол кездегі Совет Одағында болмаған рекорд болғаны күні кеше еді-ау! Осыны еске алып отырып, арқам қозып отыр. Сол ерлікті құдды өзім жасағандаймын – деп еске алады.
Алтынбек Дәрібаев туралы жазған мақалаларды оқи отырып, бірсыпыра жас коллективтер туысқан республикалардағы өздерінің әріптестерімен берік достық қарым-қатынас орнатқанын, оның қол астындағы жастар коллективі Запорожьедегі Егор Проскуриннің коллективімен, Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы шахтаның жас кеншілері Кузбасстағы «Юбилейная» шахтасының жастарымен, «Карагандагормаш» бірлестігінің бригадасы Есиновец комбинатының жас жұмысшыларымен арадағы достық қарым-қатынастар жыл өткен санын нығайғанын көреміз.
1947 жылдан КОКП мүшесі болды. 1968-1978 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының аға конвертершісі болды. 1970 жылы ол басқарған комсомол-жастар бригадасы 250 тонналық оттегілік конвертерде қазақстандық тұңғыш болат қорытты.
1971 жылы Социалистік Еңбек Ері. Жастар тәлімгері. Қазақстан Компартиясы 4-7 және 14-съездері делегаты болды. 1978 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнетке шықты.
Қазақстан қара металлургия негізін қалаушылардың және республикада болат балқытудың жаңа технологияларын енгізушілердің бірі, Стахановшылар қозғалысын қолдап, болатты жылдам, әрі сапалы балқытқан А.Дәрібаев Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені және бірнеше медальдармен марапатталған.
Алтекеңнің ерлігі бүкіл қазақ деген халықтың абыройын көтерді, асқақтатты.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева