Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың - деп, ақындарымыз жырлағандай, ұстаз – ол білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұстаз деген – ұлы сөз.
Бұл атаққа ие болу абыройы әркімнің қолынан келе бермейді. Осынау қасиетті атты халқымыз көрінгеннің қалауына қалдыра бермеген. Өзінің бар көңілімен, өмірімен, бүкіл тынысымен, тіпті ұлы ісімен жүрегінен орын алған адамға ғана ұстаз деген есімді лайықтаған.
1994 жылдан бері дүние жүзінің 100 –ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.
Ұстаздар күні – көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Ауылда мектепте оқып жүрген кезімізде мұғалімдер күнін асыға тосатынбыз. Төменгі сынып оқушыларына мұғалім болып, сабақ беру біз үшін үлкен мәртебе болатын. Мұғалімдерімізге сыйлық беріп, концерт қойып көңілдерінен шығуға тырысатынбыз. Өзімнің ерекше қадір тұтатын ұстазым ең алғаш қолыма қалам ұстатқан Мейраш мұғаліміме алғысым шексіз. Ол кісінің бойындағы ұстазға тән қасиеті, сабырлығы, әрбір балаға деген ана мейірімділігі мен даналығын әр ұстаздың бойынан көргім келеді.
Адамзат баласы жер бетіне жаралғаннан бастап білім іздеп, оқу, оқумен қатар жер жаһанның құпия сырларын ашумен келеді. Ұстаз талмай еңбек ету мен ізденістің арқасында өзіне де, өзгеге де дүниенің құпиясын ашып көрсетеді. Осы тұрғыда еңбегі өлшеусіз, өз баласынан өзгенің баласын артық көріп, қамқор бола білетін жан ол –ұстаз. Алдына келген әрбір шәкіртті жан –жақты бақылап, зерттеп, өмірге бейімділігін арттыру ол – ұстаздың сабырлығы, шеберлігі деп түсінеміз. Барлығынан ұстаздың еңбегі әрқашан жоғары тұрады.
Ұстазбен кітапханашыны байланыстыратын ол – кітап. Кітапханамызда жыл сайын мұғалімдер күніне орай кітап көрмесі қойылады. Бүгінгі күні мерекеге орай қойылған «Ұстаздық еткен жалықпас» кітап көрмесінде Ы.Алтынсариннің «Кел балалар оқылық», М. Жұмабаевтың «Педагогика», «Ұстаз», Ә. Жүністің «Ұстаз үні» және ғылыми әдістемелік жинақтарды көрулеріңізге болады. Кітапхана қорында мұғалімдерге арналған «Бастауыш мектеп», «Қазақстан мектебі», «Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар», «Қазақстан мұғалімі» т.б. мерзімді басылымдар бар.
Құрметті ұстаздар! Сіздерді келе жатқан кәсіби төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, шәкірттеріңіздің құрметіне бөленіп, шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін!
Негізгі қорларды сақтау бөлімінің
кітапханашысы: Аманбекова М.А.