Дарынды тұлға - Әлжаппар Әбішев

Әлжаппар Әбішев -115 жаста

Орталық  Қазақстанның  шырақшысындай болған айтулы тұлғалардың бірі  белгілі  драматург  Әлжаппар  Әбішев  1907  жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының бұрынғы Жамбыл атындағы шаруашылықтың  Аспантау  деген  жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 

Қаламгерлік  қадамын отызыншы   жылдарда  «Қарағанды  пролетариаты» газетінде  бастаған, «Әдебиет майданы» журналы мен «Лениншіл  жас» газетінде  жалғастырған  жазушы  өмір  құбылыстарына  сергек, сын  көзбен  үңіліп, өзіндік  пікір  айтуға  көбірек  бой  ұра  бастайды. Сол жылдарда   «Қарағанды  қарттың  әңгімесі», «Жер астындағы майдан», «Шахталарға саяхат» және  басқа  очерктері  мен  толғауларын жазады.

Қырқыншы  жылдардың  аяқ  шенінде «Завал», «Ел еркесі», «Зейнегүл», тағы басқа әңгіме-повестері  жарық  көреді.  Қаламгер   шы­ғар­машылығының  басты  ерекшелігі  қай   тақырыпқа  қалам  тартпасын, қоғам  құбы­лыстары   мен  тірлік  көріністерін  ел  өмірінің  қат-қабат  тынысы  қазақ  жұртының  түйсігі  мен танымын    ой  елегінен  өткізеді. Еркін  де  қарапайым, көбіне шұрайлы,  ұғынықты  тілмен  жазады.

Әлжаппар Әбішевтің “Найзағай” романына аса танымал халық композиторы, әнші, ақын Мәди Бәпиұлының өнерпаздық, азаматтық өмірі арқау болған.  Романдағы  Мәди – жазушы суреттеуінде, өз заманының ері, батыры, халық қамқоры. Өзінің шығармашылық еңбегімен ол туған елінің рухын  көтеруді ойласа, күнделікті тіршілік үшін күресте де ол халық қасында  көрінеді. Жазушы  өз кейіпкерін осындай екі жақты ұнамды бейнеде  алып, оның қоршаған ортаға деген наразылық көзқарасы қалыптасқан  кезінен бастап суреттейді.

Өзінің әнімен, жырымен ақын туған елінің рухын көтерсе, күнделікті тіршілік үшін күресте әрқашан халық қасында болады. Халқы үшін ол әркез қорлыққа шыдай алмай, билеуші топпен, ел әкімдерімен, патша өкіметінің өкілдерімен бетпе-бет келіп қалады. Соның бәрінде Мәдидің мысы дұшпанын басып тұрады. Ел басына күн туып, халық аштан қырыла бастағанда  Мәди  ауқаттылардың  малын  барымталап әкеліп, аштарға үлестіреді. Мұнымен ол әрі елін аштықтан қорғайды, әрі үстем таптан кек алады. Мәдидің Түнекбай, Шомбал ауылдарын шауып алуы, генерал-губернатордың өзін торуы – оның әділетсіздікке, өктемдікке қарсы жаса­ған айбары. Генерал губернатор Мәдидің әрекетіне ұлт намысын қорғайтын әрекетке ұласып кетпесе екен деген қауіппен қарайды. Қуғындалып жүрген Мәдидің ойламаған жерден өзін іздеушілермен кездесіп оларды күйретіп, күлкілі күйге ұшыратып кетіп отыратын мінезінен жазушы Найзағай бейнесін таниды.

Бұл шығарма уақыт шаңында көміліп қалмайтын, қашан оқысаң жаңалығы ашыла беретін құнды дүние.

Ұлттық әдебиетімізді дамытуға айтарлықтай үлес қосқан, драматургияда, көркем  прозада өзіндік ізі қалған  Әлжаппар  Әбішевтің  шығармашылық   жолы – қолына  қалам ұстаған  жастарға үлгі  боларлықтай  жемісті, тәлімді  жол. Оның   прозалық, драмалық, әдеби-публицистикалық туындылары әлі де халқына, келер ұрпаққа қызмет ете берері күмәнсіз.

Құрметті оқырмандар! Бұл шығарманы біздің кітапханадан келіп оқуларыңызға болады.

 

                                                           Абонемент бөлімінің кітапханашысы Жумагулова М.Т.