Қазақ баспасөзінің тарланы, ұлттық журналистика сәруары,қазақтың халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Мыңбұлақ мекенінде туған. Балалық шағы қиындыққа толы өтсе де оқыды, жетілді. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Жалын» альманахында, «Жұлдыз» журналдарында еселі еңбек етті.
«Социалистік Қазақстан» атауын «Егемен Қазақстанға» ауыстыруымен қатар өз тегінен «ов»-ты алып тастағаны да ерлік істерінің бірі. Мәжіліс депутаты болған кездерінде де ұлт мүддесі үшін талай ауқымды мәселелерді ашық айтып, ұсына білді. Өткір тілді, өз ойын ұтқыр жеткізе алатын әділ де қарапайым Шерағаңды еңбектес әріптестері құрмет тұтты. «Біз Шерағаның шекпенінен шыққандармыз», - деп айтып жүретін талай мықты мамандарды тауып, тәрбиеледі.
Жазушының көпшілікке ұсынған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «41-жылғы келіншек» әңгімелері көпшіліктің көкейінен шықты. Шығармалар кейіпкерлері оқшау, көзге түсе бермейтін қарапайым ғана азаматтар болып келеді де, бара-бара кесек қимыл мен қарекеттің иесіне айналып кетеді. Соғыс жылдарындағы ауылдың тыныс- тіршілігін танытқан шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған дүниелер. Әсіресе, «41-жылғы келіншегін» аналарға арнап, сөзбен соғылған ескерткіш деп танимын.
«Қара маржан» - жазушыға Мемлекеттік сыйлық алып берген шығармасы болып табылады. Қазақ халқының мақтан етер перзенттерінің бірі Т.Рысқұлов туралы жазған «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» романдары өлшеусіз еңбегінің жемісі. Бұл еңбектер оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналған. Өзім «Қызыл жебені» тат басып тозбайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жететін асыл шығарманың бірі деп есептеймін.
1992-1994 жылдары ҚР Мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болған кезінде «Таңшолпан» бағдарламасының негізін қалап, қазақ тіліндегі бағдарламалардың көбеюіне жол ашты. Ш.Мұртаза жасаған көп аудармалардың ішінде Ш.Айтматов шығармаларының қазақшасы бір төбе. Қырғыз тіліне осы қазақша нұсқалар бойынша аударылған екен.
Отбасына келер болсақ, алғашқы әйелі Мәриям Ағыбайқызын Баукеңнің үйіне келін етіп түсірген. Ол кісі 1996 жылы қайтыс болған. Қызы Алма ағылшын тілінен сабақ берсе, ұлы Батылжан кәсіпкерлікпен айналысады. Кейінгі жары ақын Кенен Әзірбаевтың қызы – Ақбілек. Шераға татар әндерін айтуды, атқа мініп серуендеуді, бильярд ойнауды, асық жинауды, фотоға түсіруді жақсы көрген. Туған – туыспен етене араласып, өмірінің соңғы жылдары туған еліне көшіп барған. Талғамы биік жазушы өмірдің қай саласында болсын табиғи тазалығынан, табиғи қабілет деңгейінен еш төмендемеген. Әр қазақ баласы Шерхан ағамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, елдің, ұлттың пайдасын ойла! Өз пайдаң соның ішінде», - деген сөзін ұмытпауы керек деп ойлаймын. Ш.Мұртаза шығармалары – өзі өмір сүрген ортаның көркем шежірелері. Қаламы жүйрік, ойлары қуатты аса көрнекті тарлан суреткердің шығармаларымен танысқыңыз келсе, кітапханамыздан табылыңыз.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы Ахмадиева А.С.