Дала классигі

Жазушы Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл

Көркем сөздің хас шебері  атанған  Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада  Қарағанды  облысындағы  осы  күнгі   Теміртау  қаласына  жақын  Жауыртау – Нұра өзенінің  бойындағы Сартөбе деген ауылда кедей отбасында дүниеге келген.

Ғ.Мұстафин - жазушылық өнерге жиырмасыншы ғасырдың басында келеді.  Ол алғаш хабар, шағын очерк, фельетон, қысқа әңгімелер жазады. Алғашқы  әңгімесі «Сәрсен мен  Боқаш» 1927  жылы «Жыл құсы» журналында  жарияланып, тұңғыш әңгімелер жинағы «Ер шойын» деген  атпен  1929  басылып шықты. Әңгімелерінің  негізгі  арқауы ауыл кедейлерінің таптық сана сезімінің оянуы, байларға қарсы күресі болды.

Ауыл сахналарына арналған бірнеше шағын пьесалар «Айғақ», «Тұтқын», «Күлмеген адам», «Керуен», «Құлаған күз» тәрізді әңгімелер жазды.

«Өмір, не өлім» романы совет әдебиетінде  алғашқы  күрделі  туындыларының  бірі. Он шақты жылдан кейін осы тақырыпқа қайта оралып, 1952 жылы «Қарағанды» романын жазады. Бұл романдар қазақ халқының совет өкіметі жылдарында  бастан кешкен өзгерісті өмір  жолдарын,  «Шығанақ», «Дауылдан кейін», «Миллионер» романдарында ауыл өміріндегі елеулі өзгерістерді суреттейді. Соңғы күрделі шығармасы – «Көз көрген».

«Шығанақ» романы нақтылы өмір кешкен, кезінде тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік  рекорд  жасаған  диқан  ата Шығанақ Берсиев  өміріне негізделген.  Диқаншылықтың  құдіретін  танытқан  қарапайым еңбек  адамының  ұлылығын, рухани  әлемін, шығармашылық ісін, еңбекқорлығын, ұйымшылдық бірлігін, қуанышқа толы қызықты өмірін ашып  көрсетеді.

Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» романы – жұмысшы табының қалыптасу жолын кеңінен бейнелеп, терең ашқан, өндірістік ортаны суреттеген, жұмысшылар бейнесін жасаған, «Өмір мен өлім» негізінде қайтадан жазылған өндіріс тақырыбындағы тұңғыш роман.

«Қарағанды» романы - Қарағанды көмір өндірісін игеру, индустрияландыру саясатын жүзеге асыру, республиканың жаңа бейнесін жасаудағы партияның басшылық рөлі романның негізгі тақырыптарының бірі.

Роман кейіпкерлері: Мейрам, Жанәбіл, Ермек, Ардақ, Балжан, Жанат, Алма, Күлпаш жұмысшы табы мен техника маманының алдыңғы қатарлы өкілдерінің бейнесі ретінде шебер мүсінделген. Романның бас кейіпкері Мейрам үнемі рухани өсу үстінде суреттелсе, ең бір тартымды кейіпкер – табиғаты нәзік, аяулы жан – Ардақ қаршадайынан қиындық көріп өскен, дүние тарлығын басынан кешірген, «Бұлаңдап емес, булығып өскен бойжеткен. Көрген рақатынан бейнеті көп. Күлкісінен кірбіңі басым. Шаттығынан күрсінуі мол. Жалғыз-ақ үміті – жарқын болашаққа сеніммен» өмір сүретін бейнеде сипатталған. Романда қазақ жұмысшыларының өсіп, марқаюына, техника тетігін игеруіне қамқорлық жасаған Щербаков, Козлов, Лапшин, Потапов, Горбачев сияқты іскер адамдар да бейнеленген. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі таптық тартыстар негізінде өрістеп, осы тартыс негізінде жазушы ескішіл күштердің мезгілі өтіп күйреуін, жаңа, жас күштердің жеңісін бейнелеу арқылы өз оқырманын қызықтыра түседі.

Ғ.Мұстафиннің қуат - жігерге, қуанышқа толы шығармаларын кітапхана қорынан алып оқуға шақырамыз. Кітапханада жазушының 20-дан астам шығармалары мен газет -журнал беттеріне жарияланған 60 тан аса мақалалар  жинақталған.

Жазушының есімі халық есінде. Нардың жүгін көтеріп, дала классигі атанған  ғұлама  жазушы көптеген шығармаларының тамырын өскен өлкесінен тапты. Алайда оқығанынан, тоқығаны көп, табиғатынан дарынды, дала даналығын, замана жақсылығын бойына сіңірген Ғабиден Мұстафин  бір ғана аймақтың жазушысы емес. Ол – халық жазушысы, ұлтымыздың мақтанышы.

 

                        Абонемент бөлімінің кітапханашысы: Жұмағулова М.Т.