Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжіне 100 жыл
Мен үшін Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі – асқақ арманымның бастауы, албырт жастығымның куәсі. Зердеме білім нұрын құйып, бойыма күш, жігер, сенім дарытқан киелі оқу орны. 1989 жылғы түлегімін. Бұл оқу орнына биыл 100 жыл толып отыр.
Колледждің 100 жылдық тарихы сонау қасиетті Қарқаралы өңірінен бастау алады. Алғашқыда Қарқаралы өңірінде қарапайым техникум болып ашылған оқу орны, кейінен кенді өлке Саран шаһарына көшіріліп, бүгінгі таңда тек облысымызда емес, ел көлемінде де жұртына адал қызмет етіп жүрген талай түлектерді қанаттандырған қасиетті қара шаңыраққа айналып отырған жайы бар.
1922 жылдың аяғында ашылған педагогикалық училище бар-жоғы үш кластық бөлме ғана болған, жаңа оқу орнының бағдарламасын жасауға, мұғалім кадрлармен қамтамасыз етуге, оқулықтар және басқа да керек-жарақтар алуға қаражат жеткіліксіз болған. Алайда жергілікті тұрғындардың көмегімен училище жағдайы бірте-бірте жақсарып, жаңадан дайындық бөлмелері мен интернат ашудың сәті түседі. Қарқаралыда оқу оқып, арнайы білім алудың алғашқы баспалдақтары осылайша қалана бастады. 1926 жылы бірінші болып он екі адам бітіреді.
Еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысқан, қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековтің осы оқу орнын ашуда зор үлесі барын белгілі академик, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағыновтың «Өткен жылдарым» (Алматы, 1996) деген естеліктерінен оқуға болады.
Бұл оқу орныда әубаста Қарқаралы педтехникумы деп аталған тұсында белгілі академиктер Ш. Шокин, Ә.Сағынов, А. Машанов, 0. Жәутіков, Қазақ КСР Оқу министрі болған А. Сембаев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Д. Керімбаев. Ал кейінгі толқын ішінен Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары Ә. Қанафин, Қазақ республикалық телерадио-комитетінің төрағасы X. Хасенов, ғылым докторлары Ә. Болғанбаев, А. Рақышев, тағы басқалар шыққанын мақтан тұтады.
Осындай ұлы тұлғалар дәріс алған оқу орнында оқыған біз бақытты ұрпақ екенбіз.
Оқу орны 1937 жылдың мамырынан бастап бірыңғай Қарқаралы педагогикалық училищесі деп атала бастады. Оның қабырғасынан алғашқы бесжылдықта 350 жас мамандар өмірге қанат қақты. Бұл түлектердің ішінде Кеңес Одағының Батырлары атанған Мартбек Мамыраев пен Қазыбек Нұржанов бар.
1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталған соң Қарқаралыда Абай Құнанбаевтың туғанына жүз жыл толуы мерекесі өткізіліп, оның құрметіне Абайдың есімі беріледі.
Ал 1950 жылы Қарағандының сырттай оқытатын училищесінде бастауыш сыныптар мұғалімдерін даярлайтын күндізгі мектеп бөлімі ашылды. 1952 жылы тағы бір бөдім қосылады. Бұл бөлімде мектепке дейінгі балалардың тәрбиешілері оқытылды.
Сонымен 1953 жылдың күз айында екі педагогикалық училище қосылып, Абай атындағы Қарағанды педагогикалық училищесі деп аталып, Саран қаласына көшіріледі.
1950-60-шы жылдары училище күрделену кезеңін бастан өткізіп, Республикадағы орта дәрежелі ең ірі оқу орындарының біріне айналады.
Училище жарты ғасырлық мерейтойы құрметіне Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
1968 жылы Саран қаласында жаңа үлгідегі салынған сәулетті ғимаратқа көшеді. Онда кең де жарық оқу бөлмелері, көлемді кітапхана, жақсы жабдықталған спорт залы мен шеберханалар жұмыс істейтін болды.
Арада екі жыл өткен соң 580 оқушыға арналған жатақхана іске қосылады.
Оқу орнында өз мамандықтарын жетік меңгерген мұғалімдер ұжымы қалыптасады. Олар болашақ жас мамандардың сапалы білім алуларына, жан-жақты даярлығы бар ұстаздар атануына барынша күш салуды жақсы дәстүрге айналдырды.
Өзім осындай мұғалімдер ұстаханасында оқығанымды мақтан тұтамын.
Иә, жоғары мәдениеттің үлгісін көрсетіп, істеріне мінезі сай бола білген әрбір ұстазымыздың еңбегі біз үшін өлшеусіз. Бір қырынан қарағанда ұлылық, бір қырынан қарапайымдылық есетін осындай ұстаздардан білім алу бақыты бұйырғанына мен өзімді бақытты сезінемін.
1997 жылы Қарағанды қаласының химия- технологиялық колледжімен бір оқу мекемесі болып біріктіріп, Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы- техникалық колледжі болды.
Қазіргі кезде осы оқу орнынан дәріс алған, білім нәріне сусындап, ұстаздардың тәлімді тәрбиесін көрген, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жатқан түлектері әрдайым еске алып отырады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаса керек-ті.
Жаратқанның бізге жасаған керемет жақсылықтарының бірі – өмір жолымызда ұстамдылыққа жетелеген ұстаздарды жолықтыруы ғой. Солардың бірі Саран педагогикалық училищесін үзіліссіз, ширек ғасырға жуық басқарған Қабдырахман Әбікенов. Өмірде өзінің еңбегімен, қарапайым мінезімен жұртшылықты баурап алатын Қабекеңнен химия пәнінен дәріс алдық. 1956 жылы мұғалім болып бастаған ол табанды еңбегінің арқасында кейін оқу ісінің меңгерушісі, директордың орынбасары, одан соң 1976-1997 жылдар аралығында директоры болып жемісті қызмет атқарды. Қиындықтардың бәрін жеңе отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізеді. 1979 жылы училище Кеңес Одағындағы 481 педагогикалық училищенің ішінде өзара жарыста бірінші орынға шығып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алады. Бұл Қабекеңнің іскер басшылығының арқасы дейміз. Айта кететін жайт өздеріңіз білесіздер жетпісінші жылдардың басында қалаларда, ауылдық жерлер де қазақ мектептері азая бастаған шақта училищенің қазақ бөлімі жабылып қала жаздап, оған студенттер қабылдауға шек қойылған кез де болған. Бұған Қабекең қарап отырмады тиісті жерлерге барып, қазақ бөлімінің жұмысын бұрынғы қалпына келтіріп, ерекше еңбек сіңірді.
Ғасырға толып отырған оқу орнынан 6 педагогикалық мамандық, 8 техникалық мамандық бойынша балалар білім алады. Түлектер білім беру ісінде де, өндіріс саласының барлық секторында қызмет ете алады. Яғни білікті кадр дайындау ісін жалғастыра береді.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева