Парасатты тұлға

Биыл Мемлекет және қоғам  қайраткері, әдебиеттанушы – ғалым, филология ғылымдарының докторы, партизан – жазушы Әди Шәріповтің  туғанына 110 жыл. Ол 1912 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Мариновка селосында (қазіргі таңда Әди Шәріпов  ауылы) дүниеге келген.

1932–1935 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, 1935–1936 жылдары Түрікмен КСР-індегі Красноводск педагогикалық техникумында оқу меңгерушісі болған.

1936–1938 жылдары ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіндегі оқуын жалғастырған. Институтты бітірген соң Алматы облысының «Қаскелең» орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Армиясының қатарында болған. Беларусь жеріндегі, Смоленск, Орлов облыстарындағы партизан отрядтарының құрамында болды. 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың мамырына дейін партизан қозғалысының Смоленск штабында жұмыс істеген.

Соғыстан кейінгі уақытта Қазақ КСР Оқу Министрінің орынбасары, Қазақ КСР Оқу Министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, 1966–1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған. Міне, Әди Шәріповтің халық қалаулысы ретінде мемлекеттік,қайраткерлік қызметтері. Әдекең жайлы жазылған түрлі естеліктерді оқи отырып, қызмет бабымен талай адамдарға көмек жасаған қайырымы мол, өмірі өнеге жан болғанын танимыз.  Ол «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармалардың, «Сахара қызы», «Дос сыры» романдарының авторы.

«Партизан қызы» шығармасында жазушы Ұлы Отан соғысына қатысты жалынды елес, жады көшірмелері ауыр кезеңде  шыңдала түскен адамгершілік ақиқаттарды  мейлінше қызықты баяндайды. «Партизан қызы» хикаяты желісімен «Орман хикаясы» атты көркемсуретті фильмді Ш.Айманов атындағы киностудияда түсірген. Ол - Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка елдерінің кинофестивалі мен Алматыда өткен Кеңестер Одағының кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды.

«Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы» (1964), «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары» (1974), «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық» (1984), «Сырбай Мәуленов творчествосы» (1985) атты монографиялардың, әдебиеттану мен педагогика салаларына қатысты көптеген мақалалардың авторы. Академик Қ.Жұмалиевпен бірігіп орта мектептің 9-сыныбына арнап хрестоматия құрастырған.

Көптеген марапаттардың иесі. Шетелдерде болған сапарлары жайлы «Канада дидары», «Сәлем, саған, Сенегал, «Гвинея елінде», «Көне жерде соққан самал», «Мысыр. 1970 жыл», «Қапастағы жұлдыздар» атты жолжазбаларын жазған.

Жазушы атымен  туған ауылы, Алматы қаласының №16 орта  мектебі аталады. 90 жылдығына орай жары доцент Клара Жағыпарқызы Мыңжасарованың ұйымдастыруымен  осы мектепте қаламгердің  шығармашылық мұражайы ашылған. Мұражайда  жазушының көпшілікке белгілі еңбектері – «Партизан қызы», «Дос сыры», «Әке қабыры басында», «Бір тонның тарихы» «Сахара қызы», «Шипагер» атты тағы басқа кітаптарымен қатар қаламгер туралы естеліктер қойылған. Қазақстан тарихында, әдебиеті мен мәдениетінде  айқын із қалдырған жазушы шығармашылығы оқырман назарында болатыны сөзсіз.Жазушы еңбектерімен танысқыңыз келсе кітапханамыздан табылыңыз.

 

                                           Көпшілік оқырмандарға қызмет
                                           көрсету секторының басшысы:Батенова В.Р.