Қазаққа Әуезовтер әулетінің бергені көп. Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлынан басталған сара жолды ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Солардың ішінде төл баласы Мұрат Әуезовтың орны ерекше.
Ол 1943 жылы 1 қаңтар күні Жамбыл облысында Мерке кентінде Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келді.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітіріп, КСРО Ғылым Академиясының әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады.
Қазақстан Журналистика Академиясының 27.02.2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы Академияның толық мүшесі болып сайланды .Қолынан қаламын түсірмеген, бірталай жерлерде сүбелі еңбек еткен Мұрат Мұхтарұлы Әуезов филология ғылымының кандидаты, белгілі қоғам қайраткері, дипломат, мәдениеттанушы, қытайтанушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, «Алтын асық» және 2004 жылы «Тарлан» сыйлығының лауреатын иеленді. Жазушының 1972 жылы «Времен связущая нить», 1997 жылы «Иппокрена Хождения к колодцам времен» атты шығармалары жарық көріп, халыққа өте танымал болды. Шығармаларын оқып отырған әр оқырман әлемдік мәдениет пен әдебиет, тарих жайлы өте мол мәлімет алып, керемет талдаулардың куәсі болады.
«Дни своей долгой-долгой жизни» деген мақаласы «Дружба народов» журналының (№8, 1968ж.) сыйлығын алған. 2012 жылы «Олжас» кітапханасы» баспа үйінен жарық көрген «Человек культуры» атты Мұрат Мұхтарұлы туралы мақалалар жинағы өміржолында серіктес болған достарының пікірлерінен құралған екен. Сейдахмет Құттықадамның «Магия Мурата» атты мақаласынан Мұрат Мұхтарұлының адами ерекшеліктерінің қырларын тани аласыз.
Мұрат Әуезов қытайтанушы маман ретінде, қытай тілі мен мәдениетінің білгірі, интеллектуал елші ретінде жоғары беделге ие болып, еліміздің де мәртебесін өсірді. Қазақ елінің арда ұлы Меркі (Қазақстан), Фонтенбло (Франция), Луисвилл (АҚШ) елдерінің Құрметті азаматы атанған.
Жақсының ұрпағы Мұраттың балалары туралы айтар болсақ, тұңғышы – Зифа-Алуа қазір өзін мойындатқан халықаралық деңгейдегі шығыстанушы, Голландияда тұрады. Ұлы Мағжан - банкир. Өз саласының ірі маманы. Мағжан мамандығы басқа саладан болса да, қазақ мәдениетіне, атасының мұрасына ерекше мән береді.
Ұлы Мұхаңның перзенті, тұлпардың тұяғы Мұрат ағамыз бүгінде 80-нің сеңгіріне шықса да әлі де елі үшін берері көп қаламгер.
Жазушы еңбектерімен танысқыңыз келсе - кітапханамыздан табылыңыз.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының басшысы Батенова В.Р.