БАҚҚОЖА МҰҚАЙ ӘЛЕМІ

Жазушы, драматург Б.Мұқайдың туғанына 75 жыл

Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Баққожа Мұқай  1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген.

Баққожа Мұқайдың алғашқы туындылары алпысыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген. Содан бері оның қаламынан бiрнеше әңгіме, хикаялар, драмалық шығармалары бар.

Әдебиет табалдырығын «Жаңбыр жауып тұр» алғашқы (әңгімесі) новелласы «Лениншіл жас»  газетінде жарияланып, қаламгерлерді де, оқырманды да елең еткізген. Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары жарыққа шыққан.

Баққожа Мұқайдың жазушылық шеберлігі, оның көркем сөздері, әдебиеттегі, ұлт руханиятындағы алатын орны ерекше. Жан-жақты азамат ретінде драматургияны меңгеріп, адамзаттың, қоғамның ауқымды мәселелерін қамтыған көркем шығармаларын өмірге әкелді. Қаржы тапшылығы жылдарында «Парасат» журналын жарыққа шығарып, тығырықтан шығарудағы қаламгердің еңбегі зор. Көркем туындылары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түркімен, корей тілдеріне аударылған Баққожа Мұқай шығармашылығында драматургияның алатын рөлі жоғары. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған.

Біздің кітапханамызда қаламгер Б.Мұқайдың көптеген шығармалары жинақталған. Жазушының 2006-2008 жылдар аралығында Бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа жазушының драмалық пьесалары, хикаялар мен әңгімелері, романдары енгізілген. Жинақтың бірінші және екінші томдарына 1966 – 1990 жылдары аралығында жазылған хикаялар мен әңгімелері жинақталған. Бұл шығармаларда жеке тұлға және қоғам арасындағы қайшылықтар, сан түрлі адамдардың қиын да қызық тағдыры арқау болған. Ал үшінші томына  «Заманақыр», Тоят түні», «Иірім», «Қош бол менің ертегім» тағы басқа пьесалары енгізілген. 1989 жылы ақын О.Сүлейменов пен  бірігіп жазған «Заманақыр» пьесасы атом бомбасының ауыр кесапатын бейнеледі. Таңдамалы шығармалар жинағының төртінші томына «Жалғыз жаяу» атты алғашқы романы берілген. Бұл романның негізгі кейіпкері Айбек – сан алуан тарихи аласапырандарды басынан кешіреді. Қаламгер адасып жүрген Айбектің қиын тағдырын арқау ете отырып, адамның туған жеріне деген перзенттік махаббатын көркем суреттеген. Халықты бақытты ететін бостандық, тәуелсіздік. Сан мың адамның көкейінен кетпеген осы ой шығарманың басты көркемдік нысанасы. Бесінші томына жазушының көлемді туындыларының бірі - «Өмірзая» романы енгізілген. Аталған шығармада Аяған Қуатов бейнесі арқылы заманымыздың ащы шындығын, қоғамдағы қарама-қайшылықтарды, іркілістер мен ілгерілеуді, осы қоғамымыздағы адам тұлғаларын, моральдік қасиеттерін суреткерлікпен баяндалған.

«Ертегідей ертеңім»  атты толғаулар мен эсселер жинағы (Алматы, 2003 ж.) екі бөлімнен тұрады. «Тәуелсіздік тағдыры» атты бірінші бөлімінде, жазушының Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері мерзімдік басылымдарда жарияланған ой-толғамдары жазылған. «Тағзым» бөлімінде әдебиет пен өнер қайраткерлері туралы жазылған мақалалары енгізілген.

Баққожа Мұқай – қазақ прозасы мен драматургиясында жеке шығармашылық орны бар талантты қаламгерлеріміздің бірі. Қаламгер шығармаларында өмірдегі қайшылықтар, адамдар арасындағы ар-ождан, адамгершілік қасиеттер, тағдырлар таласы мен әлеуметтік мәселелерді суреттейді. Оның «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім», т.б. еңбектері оқырмандар, әдеби орта тарапынан жоғары бағасын алған. Жазушы «Өмірзая» еңбегіне ондаған жылдарын арнаған. Асқан шеберлікпен жазылған туындысы үшін қаламгер ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. Роман бүгінгі күнде де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан емес.

Құрметті оқырмандар! Жазушының шығармалары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз. Келіңіздер! Оқыңыздар!

 

                                       Абонемент бөлімінің басшысы м.а.: Зарубекова Ж.М.