Сөз шебері – Ирвин Шоу

Американдық жазушы, драматург Ирвин Шоудың туғанына - 110 жыл

Ирвин Шоу – американдық жазушы, новеллист, драматург. Жазушының шығармалары оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. Оның романдары үнемі бестселлерге айналып қана қоймай, бірнеше рет қайта басылып, ХХ ғасырдағы әдебиеттің алтын қорына енді.

Жазушының шын аты - Ирвин Гилберт Шамфорофф. Жазушы АҚШ-та, Нью-Йорктің  Оңтүстік Бронкс қаласында, Ресейден келген иммигрант еврейлердің  отбасында дүниеге келген. Ирвин туылғаннан кейін көп ұзамай оның отбасы  Бруклинге көшіп, фамилиясын Шоуға ауыстырады. Оның балалық және жасөспірімдік  жылдары  Бруклинде өтеді,  1934 жылы Бруклин колледжін  бакалавр дәрежесімен бітіріп шығады.

Ирвин Шоу өзінің алғашқы әңгімелерін «Нью-Йорк» және «Эсквайр» журналдарында жариялаған. «Бременнен келген Матрос» кітабында  жинақталған  әңгімелерінен  фашизмнен төніп тұрған қауіп  және соғысқа дейінгі жылдардың әлеуметтік жағдайы сезіледі.

1936 жылы «Новый мир» журналы жиырма жастағы И.Шоудың «Өлгендерді жерлеңдер» деп аталатын пьесасын жариялады. Бұл жазушының жеткен үлкен жетістігі еді. Бір жылдан кейін Бродвейде осы пьесасы сахнада қойылды. Шоу өзінің соғысқа қарсылығын қайтыс болған сарбаздардың ойы арқылы жеткізеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, пацифист И.Шоу, майданға өз еркімен аттанып, бірнеше жыл әскери тілші болады. Сол кездерде «Жас арыстандар» атты романын жазады. Бұл романы үлкен жетістікке жетіп  бестселлерге айналып, сыншылар тарапынан өте жоғары баға алады. Роман Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жазылған үздік шығармалар қатарына қосылды. 1958 жылы  осы шығармасы  бойынша фильм түсіріледі.

И.Шоу оқырман көңілінен шыққан көптеген шығармалар жазды. Олар: «Люси Кроун», «Бай, кедей», «Қайыршы,ұры», «Византиядағы кеш», «Үлкен қалаға қош келдіңіз!», «Сенім актісі», «Төбенің шыңы», «Судың үстіндегі нан», «Қолайлы шығындар» т.б.  және 1982 жылы толық шығармалар жинағы жарық көрді.

Жазушының ең үздік туындысы «Бай, кедей» романында соғыстан кейінгі жылдардағы отбасылық шежіре, Американдық ұлттық сипат пен жеке адам тағдырын маңызды әлеуметтік оқиғалар аясында бейнелейді. Жалған идеалдарға сеніп, жалған құндылықтарды қуған адамдардың тағдырын суреттейді. Роман желісімен әр елдердің кинорежиссерлері фильм түсіреді.

Ирвин Шоу американдық әдебиет тарихында шынайы гуманизммен ерекшеленген,  адамдардың қайғы мен азапқа толы өмірін шынайы бейнелеген  автор ретінде қалады.

Құрметті оқырмандар! Ирвин Шоудың шығармаларын кітапхана қорынан алып оқи аласыздар. Келіңіздер, оқыңыздар!

 

                                    Халықаралық кітаптар бөлімінің кітапханашысы:  Жұмағұлова М.Т.