Биыл қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Марат Қабанбаевтың туғанына 75-жыл толып отыр. Марат Қабанбаев 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген.
Марат Қабанбаев 1975 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, 1966 – 1968 жылдары аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1987—1994 жылдары шығармашылық жұмыста, 1995 — 1997 жылдары «Ана тілі» газеті редакторының орынбасары, 1999 жылдан өмірінің соңына дейін «СолДат» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған.
Қазіргі таңда балалар әдебиетіне қатысты өзекті мәселелерді қозғап, қазіргі заман талабына және кішкентай оқырмандардың сұранысына сай тақырыпта шығарма жазудың өзіндік қиындықтары бар. Себебі, балалар әдебиеті – әрбір халықтың ұлттық мәдениетінің негізгі іргетасы. Жауапкершілігі мол осындай салада еңбек еткен жазушы, публицист Марат Қабанбай – қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлға.
Жазушы Марат Қабанбай балалар мен жасөспірімдерге арнап «Арыстан, мен, виолончель жəне қасапхана», «Бақбақ басы толған күн», «Жиһанкез Тити», «Қала жəне Қыз бала», «Еркін сабақ», «Сурет салғым келмейді», «Атлантиканың арғы жағы, бергі жағы», «Пысық болдым, мінеки» секілді повестер мен əңгімелер, «Кермек дəм», «Айшылық алыс жол» сынды романдар жазған.
Оның «Пысық болдым, мінеки» шығармасы балаларға арналған ең үздік шығармалардың бірі саналады. Бұл шығарма қазіргі күндегі балалар өмірін суреттейді. Басты кейіпкер – Досан мектепті жақсы оқитын, зерделі бала. Автор осы Досанды туған жердің топырағына сүйсінтіп, тасына үңілту арқылы оқырманды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Шығарма балалар өміріндегі қым-қуыт тіршілікті баяндағанымен бұл жердегі көтерілген басты тақырып – адамның туған жерге деген махаббаты. Повестті оқу арқылы туған жердің, отанның қадірін біле түсесің. Қаламгердің шығармалары украин, молдаван, латыш, неміс, өзбек тілдеріне аударылған.
Марат Қабанбай Қазақстан Жазушылар Одағының М. Әуезов атындағы сыйлығының лауреаты. 1980 жылдардың ортасында қазақ жазушылары, қала берді, бүкіл түркі əлемі қаламгерлерінің ішінен бірінші болып халықаралық Андерсен атындағы сыйлыққа ие болған да - Марат Қабанбай еді.
Жазушы Марат Қабанбаев шығармаларымен мәңгі есте сақталары сөзсіз.
ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Кемельбаева Г. Т.