Ерлік жыршысы - Рафаэль Ниязбек

Белгілі жазушы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының I. Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Шешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Рафаэль Ниязбек Рафаэль Ниязбек 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының  Тамабек ауылында дүниеге келген. Р.Ниязбек 1961 жылы орта мектепті бітірген соң, Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне қызметке тұрған. 1978 жылы ҚазМУ-дің  филология факультетін тәмәмдаған. 1967 жылы қазақ радиосы әдебиет редакциясына қызметке орналасқан. 1971-1977 жж. «Жұлдыз» журналында, 1977-1991 жж. «Жазушы» баспасында редактор болып жұмыс атқарған. 1972 жылы сыншылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысқан.

Б. Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдегері болған.  Қаламгердің «ҚазАқпарат» баспасынан шығармалар жинағының 9 томдығы, барлығы 51 кітабы жарық көрген. 

Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған. М.Румянцеваның, А.Чепуровтың, Қ.Құлиевтың, Д.Кугильтиновтың, К.Туйорскийдің және басқа да ақындардың өлеңдерін тәржімалаған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Шығармаларында дала өмірінің тіршілік тынысы,сол далада туған тұлғалардың тағдыры,жаратылыс болмысы,қуаныш пен қайғысы,шаттығы мен шамырқанған шақтары шебер әрі әсерлі суреттелген.Жазушының қай өлеңін алсақ та дәуір үні,заман құбылысы,алмағайып уақыттың тарам - тарам тағылымы айқын сезіліп, көзге жылы ұшырап, жаң дүниеңді баурап, тербеп отырады.

Ақынның «Күркіреп өткен  күндерім» кітабында егеменді  еліміздің сән–салтанаты, елдік пен ерлік қасиеті, адамдар арасындағы қарым -  қатынастары шынайы суреттелген. Ал, «Қыдыр ғұмыр» өлең - романында  аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сан қилы өмір жолдары баяндалған. Ақынның «Қағанат» кітабына елдің елдігін, бірлігін, биік рухта жырлайтын өлеңдері топтастырылған. Оның  тәуелсіздік жайлы тебіреністері, ел мен жер туралы толғаныстары жүректі тербейді.

Құрметті оқырман! Ақын шығармашылығына қызығушылығыңыз оянса, кітапханамыздан табылыңыз.

 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының басшысы: Батенова В.Р.