Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған, - деген Шәмші ағамыздың осы әнінің сөзін кім жазғанын білесіздер ме? Ол – Ғафу Қайырбеков. Ағамыз 15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында дүниеге келген. Жасынан еңбекке ысылып, ағайын-туыстың қолында ер жеткен. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ пединститутын бітірген. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1954 жылы «Құрдастар» деген атпен жарияланған. 27 жасында жарық көрген «Дала қоңырауы» дастаны - ұлттық поэзия қорына қосылған сүбелі туындының бірі. Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында ұзақ жылдар бойы редакторлық қызмет атқарды. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, ҚЖО-ында поэзия секциясына жетекшілік қызметтер атқарған. Қызмет пен шығармашылықты тең ұстаған Ғафу ағамыздың қаламынан «Арал әуендері», «Қанатты жылдар», «Жер астындағы жұлдыздар», «Алтын бесік», «Большевик ауылы», «Маңғыстау маңғаздары», «Беласар» кітаптарымен «Елтінжал», «Ақжелкен», «Бір кеменің үстінде», «Үш қиян» повестерімен қоса, талай ел мен жер мұңын қозғаған мақала, очерктері туғанын көпшілік жақсы біледі. Туған өлкеміздің қай түпкіріне барса да сол жер жайлы талай топтама өлеңдерін дүниеге әкелген. Соның бір мысалы ретінде «Қарағанды жырларын» оқып шығуыңызға болады. «Жұлдызды тағдырлар» еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленген. Ақын Қасымды өмірбойы үлгі тұтса, Қайнекей, Ғабит,Сәбит сияқты ағалардың ризашылықтарына бөленген. Бірде жоғары жақтан «Жұлдыз» журналының бас редакторын орнынан алатын болып, «орынбасарын да ауыстыру керек» дегенін естігенде:
Орынбасар ойын ба екен,
Бас алынса ,
Бірге кетер мойын ба екен? - деп, елді ду күлдіріп , орнында қалғаны да бар екен. Табан астында тауып сөйлер шешен, ақжарқын мінезді, көпшіл ақын. Алматыда көшесі бар Гогольдің, - деп басталатын Ғафу ақынның өлеңін айтып, талай жігіттің ЖенПИ-ді жағалағаны анық. Жан жары Бәдеш Хамзақызы апайымыз да Қыздар институтының түлегі. Апайға арнаған көп өлеңдері болғанмен, жеке кітап етем деген арманына жетпепті. Мен де осы институт түлегімін. Студент кезімде маңдайы жарқыраған жездемізді талай көріп, өлең, әңгімелерін, салған әнін естідік. «Балдыздарым, біз Қайрат екеуіміз сендер қандай кеш өткізсеңдер де шақырмасаңдар да келіп отыруымыз керек, - дегені әлі есімізде. Өлеңдерін майын тамыза жатқа оқып, домбырамен «Өзім туралы» мен «Дариға сол қызды» тамаша орындағанының куәсі болдық. Кураторымыз Мүлипа Дүйсебайқызы: «Институттың кештерінен екі жезделерің қалып қоймасын», - деп үнемі ескертіп отыратын. Филфактың қыздары ғана емес, ұстаздарымыз да екі жездемізді қуана қарсы алып, әзілдесіп жататынын талай көрдік. Қазақстанның халық жазушысы, «сегіз қырлы, бір сырлы» жанның артында қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған қомақты еңбектері, талай әнге арқау болған жауһар жырлары қалды.
Бәдеш апайдың естеліктерінен 17 жыл бірге тұрған енесін анасындай сыйласа, анасы Қаутай деп еркелетіп атағанын білесіздер. Балалары Бақыт ақын болса, қыздары Әлима мен Ғафура да әр салада еңбек етуде. Астана қаласында ақын атында мектеп, Алматы, Қостанай қалаларында көше аттары бар.Талантты, адамгершілігі мол, айналасына шуақ шашып өткен ағамыздың еңбектерімен танысқыңыз келсе, кітапханамыздан табылыңыз.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторының кітапханашысы: Ахмадиева А.С.