«Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді».
Әбіш Кекілбаев
Биыл көрнекті жазушы, дарынды публицист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы. Жазушы-драматург Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болған Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз - Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіріп, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылары қаламгер С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқиды. 1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болды. 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. 1974 -1983 жылдары жазушы «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары Бас редактор болды.
Оралхан Бөкей өз туған жерін жанындай сүйді, оған мәңгі ғашық болып, сол ұлы махаббатын ақтық демі біткенше қағазға түсіріп өтті. «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін», - деген екен қаламгер. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына жіберді. Өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді. Оның прозасы мен драматургиясы қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасы публицистикалық сарында өткір қойылды. Жазушының ұшқыр қаламынан «Біздің жақта қыс ұзақ», «Сайтан көпір», «Қара қыз», «Мұзтау», повестері сондай-ақ «Апамның астауы», «Жылымық», «Атау кере», «Ұйқым келмейді», «Құлыным менің», «Өз отыңды өшірме» тағыда басқа көптеген шығармалары туған. 1973 жылы «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі жарыққа шықты. 1978 жылы орыс тілінде «Жасының ізі» әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Жазушының шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да халықтар тілдеріне аударылған. 1985 жылы «Кісі-киік», 1986 жылы «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль қойылды.
1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс» ұзақ повестері ме әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Алтайдың кербұғысы, Мұзтаудың мұзбалағы 1993 жылы 17 мамырда Үндістан мемлекетінде іс сапарда жүріп, Дели қаласында дүниеден өтті. Артында Айхан есімді ұлы мен Айжан есімді қызы қалды.
Құрметті оқырман кітапханамыздан Оралхан Бөкейдің шығармаларын алып оқуларыңызға болады. Келіңіздер кітап оқыңыздар!
Ақпараттық библиографиялық
қызмет көрсету бөлімінің басшысы: А.Х.Багзибекова