Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Махмет Темірұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Махмет Темірұлының есімі Қарағанды облысының жұртшылығына жас ұрпақ тәрбиешісі - ұстаз, ал жалпы тәуелсіз Қазақстан Республикасының жыр сүйер қауымына дарынды ақын ретінде мәлім. Ол студент шағында, ақындық таланты шыңдалған уақытта түрмеде, айдауда, ит жеккенде өмірін қорлықпен өткізгені өте аянышты. Ақынның негізгі мамандығы - педагог. Ол Алматының Шет тілдер институтын тәмәмдап, өз еліндегі Көбетей ауылында шәкірттерге ағылшын, неміс тілдерінен дәріс берді. Көптеген шәкірттерге білім беріп, тәрбиеледі.
Махмет Темірұлы қазақ көркем әдебиеті, оның ішінде поэзия жанрының дамуына өз үлесін қосты. Ақын проза жанрына да қалам тербеген. Соның бірі «Арман мен азап» естелік кітабында өзінің жастық шағы мен 50-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, саяси тұтқын ретінде көрген азаптарын суреттеген. Сонымен қатар атақты жерлесіміз, ақын, әдебиеттанушы, ғалым Бүркіт Ысқақұлымен бірге ұшыраған қуғын-сүргін мен лагерьде өткізген күндері туралы баяндайды. Ал ақынның өлеңдері елін сүйген патриоттарды тәрбиелеуге ықпал етеді, туған жердің сұлу табиғатын аялауға шақырады, адам еңбегін паш етеді.
Ақын поэзиясының әлемі әр түрлі тақырыптарды қозғайды, оларға мән беріп, өзінің ой-пікірін қосады. Мысалы «Аққуды атқан-азалы» поэмасында Махмет Темірұлы шынайы махаббат пен достықты жырласа, «Жандар батыр» деген дастанында халық жанашыры Жандар ертедегі эпостардың бас кейіпкерлері тәрізді өзінің батылдық қасиетімен бейнеленіп, қалың жұрттың құрметіне бөленген. Сонымен бірге «Аққуды атпас болар», «Тілеймін бақыт халқыма», «Кенейханның қайғысы» деген көлемді толғаулармен жұртшылық кеңінен таныс.
Махмет Темірұлының лирикаға толы өлеңдері де баршылық. Олар: «Ауыл таңы», «Аққулы көлде», «Көбетей тойы» «Баянды бақыт қонсын қазағыма» «Көңіл күйлері». Өлеңдері тілге жеңіл, терең ойлы, тебіреніске толы шындықпен үндескен. Поэмаларында, толғауларында, лирикалық өлеңдерінде ақын халық поэзиясының жақсы үлгілерін дамыта түседі, ойлы сөздер, жаңа теңеулер қолданады. Талай өлеңдері мен поэмаларын қарша боратып жазушының өзі көпшіліктің көкейкесті арманымен сабақтасып жататыны бір ғанибет.
«Қуан қазақ азаттық алғаныңа» деп аталатын толғауы сегіз тараудан тұратын көлемді шығарма. Бұл толғаудың әрбір тарауында халықтың басынан кешкен тарихи оқиғалар баяндалады. Толғауда патша өкіметінің қазақ халқына жасаған озбыр саясаты, кеңестік солақай саясаттың ашаршылық жылдары, екінші дүниежүзілік соғыс, Семей полигоны, Желтоқсан көтерілістері тамаша көркемдік әдіспен жырланады.
Махмет ағамыз бір сөзінде:« ...тәуелсіздік, азаттық, елдік идеясы менің бойымда өмір бойы жасап келеді. Бұл идея – менің өмірім, менің тағдырым». 80 жасқа аяқ басқанда елінің жарқын болашағына батасын берген екен.
«Баянды бақыт қонсын қазағыма» өлеңінде
«Сарыарқаға кеп қалды ордам көшіп,
Жаңа өмірдің алдынан самалы есіп,
Байтақ далам түрленіп, қайта жасап,
Қазақ жері гүлденсін алтын бесік»
Туған елінің азаттығын аңсап, жастық албырттықпен қауіп-қатерді де еске алмай арындаған абзал азаматтың ұлы арманы орындалып отыр.
Ақын Алаштың абзал азаматы Жұмабек Тәшеновке арнаған «Аждаһаны ауыздықтаған баһадүр» өлеңінде ақылмен жол тауып, жерін аман сақтап қалған батыр азамат тұлғасына сүйсініп, аруағына басын иеді. Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, міндет – ұлтымызды ұйыстыру арқылы елдігімізді айқындауда, ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек ете білді.
24 қыркүйекте Көбетей ауылында өзі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.
Тағдыры тайғақ болса да мойымай, халқына адал қызмет еткен ағамыздың тағдыры қазақ баласын ойландырмай қоймайды. Халқының біртуар азаматын жерлестері де мақтан тұтып, лайықты бағасын берген. Сарыарқаның мақтанышы – Махмет Темірұлы әр қазақтың жүрегінен орын алып, рухани азығына айналары сөзсіз.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Алпысбаева Б.Е.