Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет сарыны // Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрі: [монография]. - Алматы : "Кие" лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 162 б.

Обложка: 

Автор: 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Фариза Оңғарсынованың да өршіл романтизмге, азаматтық пафосқа толы өлеңдерінде ақын-жыраулар поэзиясының сарыны байқалады. «Бұхар жыраудың Абылайға айтқаны», «Абылайдың Бұхарға айтқан жауабы», «Бұхардың екінші сөзі», «Абылайдың жауабы» өлеңдері дәп осылай, жыраулар туындылары ізімен жазылған толғау жанры түріндегі жырлар. Бұхар жыраудың Абылай ханға арнаған атақты жырларының мазмұны сол қалпында алынып, реңкі бұзылмай, ойланған, түсінген зерделі оқушы осы заман үрдісіне лайықталғандығын айтпай түсінеді. Күнбатыстан қара нөсер кеп Шығарады әлі-ақ талқанын. Жанталасасыңдар соңда бір Топырлап тыңдап жалқы әнін Халықтағы қара балтаның деп «Бұхардың екінші сөзінде» көмекей әулие Бұхар абыздың сол заманда тұспалдап айтқан қаупін айна-қатесіз қайталап, қазір де бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына назар аудартады. Бұл тұста ақындық қиял ханның халқына жасаған қаталдығын сынаған жырау өлеңіне «Абылайдың жауабын» келтіріп: Қазақтың байтақ даласын бүрмес пе жаудың шеңгелі — қаталдықпен ел етіп Ұстамас босаң пендені? деген жолдар арқылы хан уәжінің дұрыстығын растайды. Екі өлгендегі кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ішкі күйзелістері, жан дүниесінің күрделілігі жарасымды үйлесімділікке түскен. Ең бастысы, Фариза ақын екі заман шындығын кейіпкерлер тұспалдары арқылы шегіне жеткізе ширата білдірген, оқиға желісінде шиеленістіруге көркемдік көп күш салған. Екі өлеңде де оқиғаның дамуы ырғақтық тербеліспен, орын мазмұнымен қабысып тұр. Мұның өзі Фаризаның көркемдік образдың бітімін тұлғалануға шебер, рухани әлеуметтік зердесі ұшқыр ақын екендігін айқын білдіреді.