Аты аңызға айналған тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова биыл 100 жасқа толады. Қарқаралы өңірінің тумасы Алматыға, Алатау баурайына арман қуып барған еді. Ол 1935 жыл болатын. Қазақтың қара шаңырағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа орналасқан жас өнерпаз уақыт өте келе сахнаның нағыз майталманына айналды. Театрда және кинода түрлі бейнелер сомдады. Қазақ, орыс және әлемдік классиктердің шығармаларында жасындай жарқырай білді. Ең алғаш театр сахнасында сомдаған рөлі – Жұмат Шаниннің "Арқалық батыр" спектакліндегі Қаракөз образы.
Хабиба Елебекованың ойнаған рөлдерінің жалпы саны 100-ден асады. Оның ішінде: М. Әуезовтың "Абайындағы" Қанікей, Ұлжан, "Қарақыпшақ Қобыландыдағы" Күнікей, Ғ. Мүсіреповтың "Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы" Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтың "Амангелдісіндегі" Қырмызы, Б. Майлиннің "Майданындағы" Мамық, Қ. Аманжоловтың "Досымның үйленуіндегі" Айғаным, Иран-Ғайыптың "Естайдың Қорланындағы" Айнаш, А. Сүлейменовтың "Жетінші палатасындағы" Кейуана және тағы да басқа салмақты рөлдер.
Осылайша, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды нағыз дарындармен бір сахнада үзеңгілес болып, театр өнерінің қалыптасып, дамуына бар күш-жігерін жұмсаған тұлғаға айналды. Дарыны мен ақыл-парасаты ұштасып, ел анасы, өнер анасы деген атқа ие болды. Сондай-ақ, Хабиба Елебекова қазақтың күміс көмей әншісі, жұбайы, атақты Жүсіпбек Елебеков туралы "Үні кетпес құлақтан", "Ән аманат", "Қайран, Жүсекем" атты кітаптардың авторы.
Құрметті оқырман, ұлт мақтаныштары Хабиба Елебекова мен Жүсіпбек Елебеков жайлы ақпарат іздесеңіздер, өнер туралы әдебиеттер бөліміне келіңіздер! Өнер майталмандары туралы қажетті әдебиеттер мен мәліметтер осы бөлімнің қорында.
Оқуға ұсынылатын әдебиеттер:
- Елебекова, Х. Ән-аманат [Мәтін] : деректі повесть / Х. Елебекова. - Алматы : Өнер, 1989. - 144 б.
- Елебекова, Х. Үні кетпес құлақтан [Мәтін] / Х. Елебекова. - Алматы : Өнер, 1981. - 144 б. - (Өнердегі өнегелі өмірлер)
- Хабиба Елебекова [Мәтін] : жинақ / Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті ; кіт. концепциясын жасаған, баспаға дайынд. Ә. Бөпежанова. - Алматы : Өнер, 2012. - 220 б. : фотосурет. - (Әйгілі адамдар)
- Мусин, Ш. Өлең. Өмір. Өнер (жырлары мен жазбалары). Тар заманның тарланы (Ш. Мусин туралы мақалалар, естеліктер, өлең-арнаулар) [Мәтін] / Ш. Мусин. - Алматы : Арыс, 2000. - 256 б.
- Сығай, Ә. Сахна саңлақтары [Мәтін] / Ә. Сығай. - Алматы : Жалын, 1998. - 510 б.
- Сығай Ә. Сахна әлемі [Текст] / Ә. Сығай. - Алматы : Ан Арыс, 2009. - 2 т. - 335 б.