Ай кітабы

Усманова Э.Р.

Дорогие друзья!

Сегодня наша библиотека получила в дар новую книгу известного археолога Эммы Радиковны Усмановой. 

Усманова Э.Р. участник многих казахстанских и зарубежных научно-исследовательских и археологических экспедиций, автор четырех монографий и более 100 публикаций по археологии и древней истории Казахстана.

В книге анализируется биография Джучи, на основе источников и современной историографии, показаны роль и его место как военного лидера в Монгольской империи, рассматриваются вопросы, связанные с историей открытия, датирования мавзолея Джучи-хана, с его археологическим и историко ­ архитектурным изучением, этапами реставрации; приведены сведения о мавзолее Джучи-хана из позднесредневековых мусульманских сочинений и русских источников XVIII - первой четверти ХХ вв., и легенды о смерти Джучи. 

 На основании методов семиотического анализа предложена интерпретация погребального инвентаря из археологических раскопок погребений мавзолея, дана обрядовая и символическая характеристика. Одна из глав посвящена хронологии мавзолея и формированию историко-культурного значения мавзолея Джучи-хана в истории Улуса Джучи.

Книга издана в 2024 году в Самарканде Международным институтом центральноазиатских исследований.

 Познакомьтесь с новой книгой «Мавзолей Джучи-хана: история исследования».

Е.К. Джиеналиев

ЖАҢА КІТАП

АҢЫЗҒА БЕРГІСІЗ АҚИҚАТ

ФАШИСТІ ҚЫНАДАЙ ҚЫРҒАН ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ ТАНКШІ ҚЫЗДАР

ДЕВУШКИ ИЗ ГОРОДА КАРАГАНДА

Екінші дүниежүзілік соғыста ер-азаматтармен қатар қолына қару алған апа-әпкелеріміздің саны, патриоттық ісі бұрынғы соғыстардың қай-қайсысындағы ерліктің бәрінен асып түскен. Оқ бораған ұрыс даласынан жаралы жауынгерлерді алып шығу, парашютпен жау тылына түсіп, рация арқылы хабар беру, бомба тасығыш «Түнгі перілер» атауындағы эскадрильямен ұшып, фашист объектілерін талқандау, пулеметші мамандығын меңгеру, кір жуушы, аспазшы міндетін атқару, міне, осының бәрінде де қыз-келіншектердің үлкен үлесі болды. Солардың ішінде Қарағанды топырағынан шыққан қыз-келіншектердің ерлігі бір төбе. Ерлермен иық тіресе жүріп, ерлік көрсеткен танкші қыздар Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжамила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева жайлы естіген боларсыздар?!

Кітапханамызға түскен Е.К. Джиеналиевтің «Девушки из города Караганда» атты жаңа кітаппен таныс болыңыздар! Нақты тарихи оқиғаларға негізделіп жазылған шығарма Астана қаласының «Дәме» ЖШС типографиясында 2023 жылы басылып шықты.

Жастар бұл кітапты оқи отырып, майдан шептерінде шайқасқан от жүректі қыздардың ерлігін үлгі етеді және танкшы мамандығын меңгеріп, соның экипажында қызмет еткен қарағандылық қыздардың «танкшы мамандығын игерулеріне не нәрсе себеп болған?» деген сұраққа жауап алады.

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Мирлан Қызылов

Бізде жаңа кітап!

Есімі өз дәуірімен бірге аталатын және өзі ғұмыр кешкен кезеңмен бір ұғым, бір құбылыс болып кететін тұлғалар болады ғой. Бізге сыйға тартылған осы кітап кейіпкері сондай Тұлғаға, Шырақбек Қабылбаев құрметіне арналған.

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор, запастағы полиция генерал-майоры, Шет ауданының Құрметті азаматы Мирлан Ахмедияұлы Қызылов кітапхана қорына өзінің 2023 жылы «Алгорифм» баспасынан жарық көрген «Министр Қабылбаев» атты жаңа кітабын сыйға тартты.

Халқына қызмет етуді мансап емес, парыз деп ұғынып, өмірлік ұстанымына айналдырған Шырақбек Қабылов жайындағы бұл кітап - өткен ғасырдың сан қилы кезеңдерінен сүрінбей өтіп, өз саласының биігіне қырандай қалықтап көтеріле білгендігі, кеңес империясының сұрқия саясатының құрбандығы болып, жазықсыз жазаланғандығы, ақыр соңында кемел ақыл-парасатының, сабырлы да салқынқанды мінезінің арқасында сондай қиянатты көтере біліп, жеңіске жеткені жайында тың дерекке толы.

Мәңгілік өлмеудің жалғыз жолы халыққа қызмет ету екенін дәлелдеген қайраткер тұлғаның ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі бола бермек.

Олай болса, құрметті оқырман қауым, жаңа кітаппен таныс болыңыздар! ОҚЫҢЫЗДАР!

Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева

Өмір Кәріпұлы

Таныс бол, жаңа кітап!

«Өмкең - не жазса да, классикалық кононда жазатын жазушы. Кез келген шығармасын жедел оқып өте шығуға болмайды»

Төрехан Майбас

Өз атамекенінен аттап алысқа ұзамай, дархан даласын көркем сөзбен өрнектеп келе жатқан классик жазушымыз Өмір Кәріпұлы Алматы қаласынан жарыққа шыққан «Бастау» кітабын сүйікті кітапханасына арнайы сый ретінде жолдаған екен.

Жазушының бұл шығармасы тәуелсіз қазақ елінің кешегісі мен бүгініне арналған туынды.

Қарт қаламгердің бұл туындысы оқырманды ой тереңдігімен, тіл көркемдігімен баурайды.

Дүниеге өліп-өшкендер даланың аң-құсына ауыз салып, табиғат байлығын талауға түсіргені, соның салдарынан далада аң қалмағаны романда шыншылдықпен баяндалады. Ұлттық салт-дәстүрдің тоқ шоуға айналып, табиғаттың төл перзенті қазақ жұртының рухани деңгейінің жайдақталып бара жатқаны, даладай кең пейіл қазақ ұлтының ниет-пиғылы тарылып дүниеге мещандық көзқарастың етек алғаны кейіпкердің мінез құлқы арқылы ашылған, Жазушы роман идеясына романтикалық леп берген. Келешек күндерге деген сенім әр кейіпкердің бойынан табылып жатады. Аңдарды сөйлету арқылы далаға тіл бітіреді.

«Бастау» кітабын оқуға асығайық, кітап сүйер қауым!

Өмкеңе денсаулық тілеп, тағы да керемет құнды дүниелер күтеміз.

 

Кәріпұлы Ө. Бастау: роман. – Алматы: «Алгоритм» баспасы, 2022. – 552 б.

Азбанбаев Марат

Азбанбаев Марат Қарқаралы қазағының мінезі (Әдеби-құқықтық дедектив). – Астана, 2022. – 240 б. 

«Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес», - демекші құрметті кітап сүйер оқырман қауым, заңгер, өлкетанушы Марат Азбанбаевтың «Қарқаралы қазағының мінезі»  атты кітабымен таныс болыңыздар!

Мінез дегеніміз не? Автордың анықтамасы бойынша мінез – әр нәрсенің, әркімнің өзінің құқықтық негізіне қайтуы, ақталуы. Тұлғаның да, Ұлттың да Тәңір тезі - мінез. Біз Абай Құнанбаевтың поэзиясын, Мұхтар Әуезовтің прозасын тыңдасақ, олардың шығармашылығының басты тақырыбы - адам ұғлының мінезі. Қисынымен қызықты кітапты дұрыс ұғып, түзу түсіну үшін де оқырманға мінез мәдениеті керек.

Бұл еңбектен тасын қопарсаң тарихы сарнап қоя беретін аты аңызға айналған Қарқаралы  аймағының, құтты мекенінің өткенінен  сыр шертеді.

Жинақта Қарқаралы  аймағында болған  ақын- жазушылар мен рухты арыстары, архив құжаттамалары, білім ордасы жайлы мағлұматтар нақты деректермен айтылып, айшықталып, көркемделіп көрсетілген. Кітапта Қарқаралы өңірінің әдеби-құқықтық дедективі  баяндалады.

Өткенді білуге құштарлық - болашақ үшін рухани нәр іздеу. Олай болса, өз өлкесін білем деген оқырман қауымға таптырмас еңбек.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева

Юрий Попов

Попов Ю.Г., Алтынов А. 1870-1919 жылдар аралығындағы Қарқаралы. Ақмола уездерінің болыс басқарушылары мен билері. – Қарағанды: Гласир, 2022. – 264 б.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы кітапханамызға Қарқаралы мен Ақмола уездерінің билері мен болыстары туралы шыққан жаңа кітапты сыйға тартты.

Алдарыңыздағы анықтамалық басылым бұрын жарық көрген екі кітаптың толықтырылып қайта басылып, мемлекеттік тілде жарыққа шықты.

Кітаптың авторы – белгілі өлкетанушы ЮРИЙ ПОПОВ және АСЫЛБЕК АЛТЫНОВ.

Кітапта мұрағаттық құжаттардың материалдары бар, сондай-ақ XIX-XX ғасырлардың басындағы Қарағанды облысының тарихымен байланысты адамдардың тағдыры туралы баяндалады. Сонымен бірге, сол кездегі сайлау сәттері, облыстық басқарманың кандидаты кім болғандығы және басқа да деректерді оқи аласыздар.

Кітап отандық тарихқа, өлкетануға қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

Әміров Е. С.

Әміров Е. С. Ауыл - алтын бесігім : жинақ / Е. С. Әміров ; ред. Д. Исатаев ; сур. Ж. Шалабаев, 2019. - 126 б.

Құрметті, кітап сүйер қауым, назарларыңызға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  белгілі композитор Әміров Есжан Сарманқұлұлының әндерінің сөздері мен нотасы жинақталған  «Ауыл -  алтын бесігім» атты кітапты ұсынамыз!

Халқымыздың рухани өркендеуінің, мәдениетінің сарқылмас бір саласы – ән өнері. Ән – халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейрімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын бүгінгі ұрпағымызға жеткізіп тұрған үлкен халықтық мұра.

Есті әндерімен елді баураған, дарын қуатының молдығымен мойындалған композитор Есжан Әміровтың есімі өнерсүйер қауымға кеңінен таныс десек артық айтқандық емес. Кітапқа өлкеміздің ай таңбалы ақындары Қ.Аманжолов, С.Ақсұңқарұлы, Ғ.Жайлыбай, З.Шакентаев сынды т.б. сөздеріне жазылған әндері енген. Қалың оқырманға жол тартқан кітап ән сүйер қауымға, композиторларға, ЖОО мен колледж студенттеріне арналған.

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар»,-деп Абай атамыз айтқандай есті әндерді үйреніп елге алдына шыққыларыңыз келсе, кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөліміне келіп «Ауыл – алтын бесігім» кітабын алып оқуларыңызға болады.

 

Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: Б.Ноғайбайұлы

Жанғожин А.

Сыйға тартқан кітап

Оқырманнан мазмұнды да, қызықты кітаптарды сыйлыққа алу ерекше құрмет. Себебі, кітапты кең жүректі кітапхана өміріне бейқам қарамайтын адам сыйлайды.

Қарымды қаламгер, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Аман Жанғожин мен белгілі тарихшы Ерғазы Қадашұлы жаңа кітаптарын сыйға тартты. Бұл кітаптар кітап сөресінен ерекше орын алып қана қоймай, оқырмандарға ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.

Алдарыңызға ұсынылып отырған Аман Жанғожиннің Бұқар жырау ауданы, Жастілек аулының 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Аулым жатыр Өткелсіз алабында» атты кітабында Жастілек аулының тарихы туралы жазылған.

Автор осы ауылдың тумасы. Туған жердің тарихын зерттеу әрқашанда өзекті мәселе.

Кітапта архив құжаттары мен көз-көргендердің естелігінде ауылдың 1930 жылдардың басынан кешкен ауыр азаптары, екінші дүниежүзілік соғысына қатысуы, соғыстан кейінгі колхоз, совхоз құрамындағы тыныс-тіршілігі, кейінгі жылдардағы қым-қуыт оқиғалар сөз болады. Шағын ауылдан шыққан белгілі азаматтардың, қарапайым еңбек адамдарының есімдері еске алынған.

Тарихшы ғалым Ерғазы Қадашұлының «Алтын тұғырлы алыптар» ғылыми-танымдық жинағы ұлтымыздың тамырлы тарихы мен ұлы тұлғалары жайлы баяндалған.

Кітап «Ғұрпымды ғұннан іздесем...», «Түбіміз – түркі, ұранымыз – Алаш», «тарих һәм тұлға» деген бөлімдерден тұрады.

Шерлі шежіреміздің қатпарлы беттеріне қызығушылық танытқан кез-келген адам осы кітаптан іздегенін табады.

Бөкен, А.

Бөкен А.  Тақ: өлеңдер. - Алматы: Әдебиет, 2021. - 399 б.

Міне, біздің қолымызда жерлес ақынның тағы бір жинағы тұр. «Тақ» деп аталады. Авторы белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абзал Бөкен.

Алматыдағы «Әдебиет» баспасынан 2021 жылы жарық көрген. Төрт бөлім, парақтайық: «ОҢ ҚАНАТТА – УӘЗІР», «СОЛ ҚАНАТТА – БИ ӘЗІР», «АРҚАТІРЕК – АЛТЫН ЕЛ», «ТАҚ ҮСТІНДЕ –БҰЛА ЖЫР». 

Бұл кітап ақынның «Тәж» атты бір томдығының заңды жалғасы десек те болады. Қашанда қозғаған тақырыбын тереңнен толғайтын автор жаңа жинағының құрылымын түзу барысында тәжін кигізген өлеңді тағына неге отырғызбасқа деген бейнелі мақсатты мұрат тұтыпты.

Кітаптың тілі көркем де жатық, жеңіл оқылады, жалықтырмай өзіне тартып отырады. Жауһар жырларымен ұлт поэзиясының төріне өрлеген Абзал ақынның кітабын оқуға асығайық, оқырман қауым!

Жайлыбай, Ғ.

Құрметті оқырмандар, алдарыңызға ұсынылып отырған кітап әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «VІ – OPEN EURASIAN» әлемдік байқауында үшінші дәрежелі сыйлыққа ие болып, жүздеген шығармалардың арасында топ жарған жерлесіміз, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» туындысы.

«Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Қарағанды лагеріндегі репрессия жылдарының суреттерін айшықтаған. Автор поэмасында «АЛЖИР» - дің тағдырын, ондағы аналардың жан-жүрегіндегі күйзелісті, қайғы-қасіретті шебер бейнелеп берді. Кітапта әлемнің он алты тілінде топтастырылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Қалың оқырманнан, әдебиет сыншыларынан да жоғары баға алған шығарма арқылы еліміздің бірнеше театрлары осы поэманы сахналады. Дауылды дәуірдің ащы ақиқаты ақтарылған бұл туынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің қолдауымен 2022 жылы жарыққа шыққан.

Сонымен бірге Ғ.Жайлыбайдың 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Ай таңбалы арғымақ» атты жаңа жыр жинағымен де таныс болыңыздар.

Жинақта кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары, аудармалары топтастырылған.

Қашанда образды ойлау, көркем тілмен ерекшеленетін қаламгер туындылары өз оқырманын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Жинақта бүгінгі заман кейіпкерлерінің жүрек дүрсілі, сезім дірілі бар.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмаларынан қазақтың шежіресін, тарихын оқи аласыздар.Өте ізденіске толы құнды дүниелерге бай.

Ақынның жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз.

Келіңіздер! Оқыңыздар! Ой бөлісіңіздер!

Жайлыбай, Ғ. Қара орамал = Черный платок: поэма-реквием: 16 тілге аударылған / Қарағанды: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 2022. - 307 б.:

Жайлыбай, Ғ. 

Ай таңбалы арғымақ: өлеңдер мен поэмалар / Нұр-Сұлтан : Кәусар, 2020. - 381 б.

 

Өлкетану әдебиеті бөлімінің кітапханашысы Б.Е. Алпысбаева