Үлкен қала қашанда үлкен мүмкіндіктер алаңы. Ал ол кез-келген бір үлкен қала емес, ел ордасы Астана болса тіпті де зор. Астана – жарқ-жұрқ еткен зәулім ғимараттардың, менмұндалаған ойын-сауық орталықтарының, көңіл көтерер шулы ортаның қаласы ғана емес. Астана – ең алдымен білдей бір елдің орталығы, басқасы соған қарап бой түзер бас қаласы. Саяси, экономикалық, рухани, мәдени орталық. Қоғамның әр саласын, әр қырын қамтыған, тұтас республика бір өзінен басқарылатын осындай орталық болғаннан кейін де кімге болсын берер мүмкіндіктері зор. Және осы қазандай қайнаған қаланы дамытуда іскер, ақылды, білімді, алымды да қарымды жастардың күші ерек десек қателеспейміз. Және ол керек те.
Астана - жалынды жастардың, алдына мақсат қоя білген жандардың, арманшыл адамдардың қаласы. Әдетте үлкен қалаларға алымды, өзіне мақсат қоя білген, үлкен мүмкіндіктерді құр жібергісі келмейтін, өз үлесін алуға, әлдебір дүниенің кетігін тауып қалануға тырысатын адамдар ағылатыны да рас. Себебі үлкен қаланың, оның ішінде Астананың кімге болсын берері зор. Ашатын жолы даңғыл. Сол себепті де жалынды жастардың жасампаз Астанаға ағылатыны түсінікті әрі құптарлық жайт. Жас қала – жастардың қаласы.