Адам баласына бұйырған ең үлкен нығметтің бірі – уақыт. Күніне 24, аптасына 168, бір айда 720 сағат уақыт бар. Өкінішке қарай жастардың осы тегін уақыты көбінесе бос өтіп кетеді. Әсіресе жаз мезгілінде. Себебі оқушылар мен студенттердің оқуы аяқталып, қолы босайды. Бұл мезгіл - бағасын білгенге таптырмас мүмкіндік. Оқу үшін берілген уақытта яғни мектеп пен университет қабырғасында жүрген уақытта барынша білім алу абзал. Себебі кейін білім алатын уақыт тапшылық етеді.
Осы орайда Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқушылар мен студенттер үшін уақытты тиімді өткізуге, жан-жақты білім алып, дүниетанымын кеңейтуге көп мүмкіндік жасап отырғанын айтқымыз келеді. Атап айтар болсақ, кітапханада жаңа компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген екі ғаламтор залы бар. Екеуі де тегін, кімге болсын есік ашық. Аптасына алты күн келіп, ғаламтор мүмкіндіктерін пайдаланамын деген адамға тыйым жоқ. Одан бөлек кітапхананың халықаралық кітап бөлімінде ағылшын тілінде сөйлейтіндер үшін арнайы клуб ұйымдастырылады. Бөлімнің ағылшын тілін меңгерген қызметкерлері ағылшын тілін өз бетінше үйренушілер үшін күн сайын кездесу ұйымдастырып, жиналғандар онда өзара ағылшын тілінде сөйлесіп, сөйлеу шеберліктерін, дағдыларын дамытады. Жаз айларында мектеп жасындағы балалар үшін лагер ұйымдастырылып, онда өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкерлері кітапхана қорында бар басылымдарды қолдана отырып, түрлі қолөнерді үйретеді. Сонымен қатар, кітапхананың абонемент бөлімінде мың сан кітап пен күні бүгін жарық көріп жатқан сан алуан журналдар қолға беріледі.
Ал кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінде оқушылар мен студент жастардың қызығушылығын қанағаттандыратындай, сұранысына жауап бере алатындай басылымдар жетерлік. Мысал үшін, мектеп оқушыларына Ақ желкен, Мөлдір бұлақ, Балдырған, Бала би журналдарының берері көп. Дүниетанымы жаңа қалыптасып, әлемді енді танып келе жатқан балалар мен жасөспірімдердің ойлау, қабылдау деңгейіне сай қызықты деректерді қамтыған. Ал адамзат тарихында ақтаңдақ із қалдырған, көш бастаған тарихи тұлғалардың өрлеу жолы, ғұмырбаяны туралы жан-жақты мәлімет беретін "Жұлдыздар отбасы Аңыз адам" журналын ерекше атауға болады. Бұл басылым өз кезегінде патриот балаларды, болашағына мақсат қоя білетін жастарды тәрбиелеудің құралы бола алады. Себебі ұлы тұлғалардың өміріне қызығатын жастар олардың өмір жолынан үлгі алары анық. Сондай-ақ өнер саласының, бүгінгі қазақ эстрадасы, дәстүрлі әні, театр, кино т.б. өнер саласына қатысты мәлімет "Жұлдыздар отбасы" журналында қамтылған. Журнал өнер салалары ғана емес, сол саланың көшінде жүрген тұлғалар туралы қызықты әрі жан-жақты мағлұмат береді. Саяси-қоғамдық мәселелерді, елдегі жаңалықтарды сараптап, саралап, салмақтап беретін "Қазақстан Zaman", "Айқын", "Деловая неделя", "Қазақ үні", "Түркістан" газеттері болса, әдебиет әлеміне қызығатындар үшін "Қазақ әдебиеті", "Жалын", "Жұлдыз", "Қасым", "Үркер" журналдары бар. Жастар бұл басылымдардан өз қатарластарының шығармашылығын оқып, белгілі қаламгерлердің шығармашылығымен таныса алады. Ал Қарағанды өңірінің тыныс-тіршілігін терең қаузайтын "Орталық Қазақстан", "Индустриальная Караганда", "Арқа ақшамы", "Новый вестник" газеттері де туған өңіріне бей-жай қарамайтын жастар үшін іздеген қажетін қанағаттандыра алады.
Жылдың тоғыз айында мектеп пен университеттің оқуы бар десек, дәл осы жаз мезгілі әр жастың өзі үшін білім алатын кезеңі іспетті. Таным көкжиегін кеңейтіп, әлемді, айналада орын алып жатқан құбылыстарды жан-жақты білуге бар мүмкіндік бар. Және ол мүмкіндік Н.В.Гоголь атындағы кітапханада жасалған.