Күні кеше Қарағанды қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен №92 гимназияда «Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр» атты қалалық қасым оқулары болып өтті. Мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға 100-ге тарта оқушы ат салысты.
Додаға түскен 5-11 сынып оқушылары «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» (Қасым Аманжолов шығармаларын жатқа оқу), «Жыры қалды жүректе жарқылдаған, Үні қалды құлақта саңқылдаған...» (Қасым өлеңдеріне шығарылған әндерді орындау), «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...» (өз шығармашылығы) номинациялары бойынша бақ сынасты.
Алғаш рет қолға алынған бастамаға «Қасым» журналы демеушілік жасап, барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға сыйлықтар табыстады. Арқаның адуынды ақыны Руслан Нұрбай бастаған «Жыр-Жауһар» поэзия клубының мүшелері: Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Алмаз Мырзахмет, Жәнібек Әлиман, Жадыра Байбұланова, Аян Мейраш, Ерік Нарынов, Әділет Шопен сынды бір топ ақындар аталған сайыстың құрметті қонағы ретінде шақырылып, әділқазылық жасады.
Кешке қатысушылар осындай игі шаралар жалғасын тауып, облыстық, республикалық деңгейге көтерілсе деген тілек айтып тарқасты.