Талантты тұлға, театр өнерінің тарланбозы, ардақты актер, жерлесіміз Мүлік Сүртібаевтың туғанына – 100 жыл.
Мерейтой иесінің өмірі мәнді де мағыналы, қай қырынан алсақ та көпке үлгілі тұлға. Осынау өнер иесіне дарын жағынан да, актерлік ғұмырына да тең келер ешкім жоқ. Актер есімі өнер сүйер қауымға етене таныс.
Театр өнерінің айбынды да, абыройлы актері Мүлік Сүртібаев 1917 жылы 5 қарашада Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының 5-ауылында дүниеге келді. 1933 жылы жұмысшы жастар театрына жұмысқа кірген ол 1936-1938 жылдары қазақ ұлттық академиялық драма театры жанындағы студияны бітірді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры үшін Мүлік Сүртібаевтың орны бөлек. Себебі, актер алғаш еңбек жолын осы театрдан бастаған болатын. Жиырма жыл бедерінде Қарағанды сахнасының танымал, талантты актері ретінде сан кейіпкерлердің бағын ашқан қабілетті өнер иесі тарихи, қаһармандық, драмалық, комедиялық рөлдерді зор шабытпен орындап, жұртшылық ілтипатына бөленді. Әсіресе, оның «Шабандоз қыз» фильміндегі Аңғарбайы аңызға айналған кейіпкердей, әлі күнге дейін көрермендерінің есінде сақтаулы. Тіпті, Аңғарбай деп аталып кетуінің өзі де актердің талантын мойындауымыздың бір дәлелі болса керек. Ол қазақ даласына әдемі күлкі, әсем ән, жарқын би сыйлады.
Мүлік Сүртібаев өзінің сүйікті жары Әйкен Мұсабековамен бірге арқа жерінен Алматыға ауысыпқазақ өнерінің алтын шаңырағы атанған академиялық қазақ драма театр табалдырығын аттаған еді. Өмірлік серігі Қазақстанның халық әртісі Әйкен Мұсабекова екеуі бір театрда еңбек етіп, сахнада қайталанбас керім образдар сомдады.
Мүлік Сүртібаевты қазақ театр өнерінің құрдасы деп айта аламыз, себебі, актер 80 жылдан артық ғұмырын театр сахнасына арнаған өнер иесі. Драма театрының бүгінгі жеткен шыңы – Мүлік Сүртібаев сынды сахнагерлердің төккен тер, жасаған еңбектерінің арқасы деп білеміз.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ардақты актеріміз Мүлік Сүртібаевтың асқақтата шырқаған әндері мен оның құлпырта кейіптеген саналуан кейіпкерлері ұрпақ еншісіндегі ұлттық мақтаныш.
Құрметті оқырман, ұлт мақтанышы, театр өнерінің алып актері мүлік Сүртібаев жайлы ақпарат іздесеңіздер, өнер туралы әдебиеттер бөліміне келіңіздер! Өнер майталмандары туралы қажетті әдебиеттер мен мәліметтер осы бөлімнің қорында.
Өнер туралы әдебиеттер бөлiмi Ciздердi асыға күтеді!
Оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен мақалалар:
- Жұмағали, С. Арқадағы киелі өнер шаңырағы [Мәтін] : (Сәкен театрының тарихы) / С. Жұмағали. - Қарағанды : Болашақ-Баспа, 1998. - 198 б.
- Сығай, Ә. Тағылымы [Мәтін] / Ә. Сығай. - Алматы : "Парасат" журналы, 2003. - 320 б.
- Сығай, Ә. Актер әлемі [Мәтін] / Ә. Сығай. - Алматы : Ан Арыс, 2008. - 271 б.
- Досанов, С.Сахна серкесі [Мәтін] / С. Досанов // Егемен Қазақстан. - 1997. - 27 желтоқсан.
- Қазыбекова, Ә. С. Атамның тірі кезінде рухани қайғыны білмеппін [Мәтін] : халық артисі М.Сүртібаевтың келін Ә.С.Қазыбековамен сұхбат / сұхбаттасқан Қ.Әбдіғаниқызы // Жұлдыздар отбасы. - 2009. - № 14. - 33-36 б.
- Асанов, С. Жақсылармен өткен жарты ай [Мәтін] / Асанов С. // Орталық Қазақстан. - 2007. - 30 тамыз. - 8б.
- Жұмағали, С. Алғы шепте - актерлер [Мәтін] / Жұмағали, С. // Орталық Қазақстан. - 2005. - 12 мамыр. - 8б.
- Жұмағали, С. Өнер еш уақыт ұмыт болмайды [Мәтін] / Жұмағали, С. // Орталық Қазақстан. - 2002. - 6 наурыз.
- Қауысов, Б. Сахна саңлақтарына тағзым [Мәтін] / Б.Қауысов // Орталық Қазақстан. - 2003. - 11 қараша. - 6б.
- Райымбекқызы, Ж. Өнердің қос тарланына құрмет [Мәтін] / Ж.Райымбекқызы // Орталық Қазақстан. - 2003. - 13 қараша. - 6б.