Көктем - өмір бастауы. Көктем мерекелері күні қарсаңында өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкерлері Көпсалалы гуманитарлы - техникалық колледж студенттерімен кітапханамызда дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан арт – портал аясында танымдық әңгіме жүргізді. Әңгіме барысында әнші, Қазақстанның және КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованың 95 жылдық мерейтойы аясында бұлбұл әншінің өмірі мен өнері жайлы және көктемнің үлкен мерекелерінің бірі Ұлы Наурыз мейрамы туралы айтылды.
Студенттер назарына Роза Тәжібайқызының әнімен әдеміленген өнердегі өнегелі өмірі туралы сыр шертетін О.Бодықовтың «Жайдарман», Б. Тәжібаевтың «Біздің Роза» кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылды.
Ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ақ маңдайлы аруы Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Әнші, Қазақ КСР-нің және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, Тарлан сыйлығының иегері атақтарымен марапатталған. Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші – Роза Бағланова.
Студенттер назарына тарихымыздан дәстүр, ата-бабамыздан салт болып келе жатқан Ұлы мерекеміз –Наурыз мейрамы туралы әдеби басылымдар ұсынылды. Наурыз мейрамына қатысты танымдық материалдар, ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық ойын түрлері мен тағамдар дайындау тәсілдері жөнінде мол мағлұматтар берілді. Келе жатқан Наурыз тойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізу үшін таптырмас көмекші құрал әлемге аты мәжһүр шығыс шайырларының бірі Омар Һайамның «Наурызнама» атты еңбегі және Б. Бекжановтың «Армысың, әз –Наурыз!» кітабы. Бұл еңбектерде халқымыздың ұлттық мерекесі Наурыздың шығу тарихы, жыл басы, жыл қайыру, жыл, ай аттары тәрізді ұлттық құндылықтар, Наурызға байланысты діни - танымдық қағидалар, түрлі қызықты материалдар енгізілген.
Студенттер берілген ақпараттардан алған әсерлерін ортаға салып, ой бөлісті. Қызығушылық танытып, көкейлерінде туындаған сұрақтарын қойды. Тақырып бойынша қойылған сұрақтарға тиянақты жауаптар беріп, өз белсенділіктерін көрсете білді.