Туған өлкем – қандай көркем

Көктемнің жайма шуақ күндері де келіп жетті. Қыстың қақаған аязынан кейін, жаныңды жадырататын осындай мезгілде табиғатта демалуды аңсайсың. Жазғы демалыстың да ауылы алыс емес. Ал, Сіз жазғы демалысыңызды қайда өткізетіндігіңізді жоспарладыңыз ба? Жоспарламасаңыз бізбен бірге туған өлкеміздің көрікті жерлеріне саяхат жасауға қалай қарайсыз?

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жанаты Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш, сыр жасырған Көкше, сұлулықтың мекені Баянауыл. Айта берсең Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан ұлы қазақ даласы бірінен-бірі өткен сұлу. Таза ауа, самал жел, көркем табиғатта демалу үшін шет ел аралаудың қажеті жоқ. Өз жерімізде де демалатын орындар жетерлік.

Қазақстанның ең көрікті жері саналатын Ақмола облысының аумағында "Бурабай" мемлекеттік ұлттық саябағы орналасқан. Бурабайдың тау-тасы да, көлі де, жазық даласы да ертегілер мен аңыздарға толы. Көкше жеріндегі Бурабайдың тамаша табиғаты, тылсым бейнесі – қарағайлы орманы, бір-бірінен көлдері арқылы бөлініп жатқан қатпарлы жартастары, биік құз басындағы шыңдары небір бейнені көз алдыңа елестетеді. Бурабайдың әрбір қия тасына аңыздар негізінде және бейне ерекшелігіне қарай ат қойып отырған: Оқжетпес, Жеке батыр, Жұмбақтас. "Жұмбақтасты" бір қырынан қарасаң – бұрымды жас қызға балайсың, екінші қырынан қарасаң - орамал тартқан келіншекке балайсың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кемпірге балап таңқаласың. Сонымен қатар, Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл көлдері суының тазалығымен ерекшеленеді. Табиғатының шипалы қуаты жақсы демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Бурабайдаң балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. Бурабай өлкесінде қонақ үйлер, демалыс үйлері орналасқан, туристерге арнайы жағдай жасалған.

Ақындардың жырына арқау болған жер жәннаты Жетісу. Ақ бас шыңдары көкпен астасқан, құздары шатқалға ұласқан таулар, сарқырай аққан өзендер, мөлдір көлдер мен бау-бақшалы жер өзінің сұлу табиғатымен тартымды. Қасиетті Жетісу жерінде туристік орындар жақсы дамыған. Мысалы, «Алтын-Емел» ұлттық саябағы (Алматы облысы, Панфилов ауданы) ежелгі тарихымен, мәдени ескерткіштерімен, «Әуенді бархан» құмды тауымен ерекшеленеді. Тамаша табиғат жаратылыстары Алма-арасан, Ақсай, Түрген шатқалдары, Маралсай соның куәсі. Осы демалыс аймақтары – жаз маусымының жаймашуақ күндерінде жанұяңызбен немесе достарыңызбен уақыт өткізуге таптырмас мекен болмақ. АҚШ-тағы Үлкен Колорадо каньонының кіші бауры деп аталатын Шарын шатқалы да (Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы) осында орналасқан. Шатқалдағы Ерен тоғай Орта Азия мен Қазақстан аумағында ғана сақталған өте құнды бірден-бір табиғат ескерткіші. Жетісу жерінде жанға жайлы демалыс вазалары мен саяжайлар, шипажайлар көптеп кездеседі. Ол жерге Қазақстандықтардан өзге шет елдік туристер де ағылып жатады.

Қазақта «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деген сөз бар. Егер, Сіздің, осы жерлерді барып көруге мүмкіндігіңіз болмай жатса біздің кітапханамыздың кітап қоры арқылы танысуларыңызға болады. Назарларыңызға аталған жерлер туралы бірқатар кітаптар ұсынамын:

  • Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары. – Алматы: Алматыкітап, 2006
  • Қазақстан табиғаты: фотоальбом. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013
  • Қазақстан – ғажайыптар елі. – Алматы: Print Com, 2011
  • Көкшетау: фотоальбом. – Алматы: Has Group, 2003
  • Орталық Азия таулары: фотоальбом. – Алматы: Мектеп, 2009

 

Осы орайда айта кететін жайт, «EXPO-2017» Халықаралық көрмесі Астана қаласында 10-маусымнан 10-қыркүйек аралығында өтетіні баршаға мәлім. Оған 2 миллионға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Келген қонақтарға Қазақстанның Елордасынан басқа да жерлерін көруге мүмкінідіктер жасалынуда. Ұйымдастыру тізімі бойынша 73 туристік бағыт жүргізіледі. Оның өзі 3 негізгі турға бөлінген:

Сонымен қоса, Астана-Байқоңыр – Астана-Алматы – Алматы-Байқоңыр әуе бағыттары туристер үшін арнайы қызмет көрсетеді. Байқоңыр әуежайы әуе тасымалдарының барлық түрін қондыруға болатын Қазақстандағы бірден-бір орын болғандықтан, арнайы бағыттар жүргізіледі. Осы туристік бағыттармен саяхаттауға сізге де кеңес береміз.

Құрметті оқырмандар, атап кеткен жерлерден бөлек еліміздің басқа аймақтарында арнайы барып, сұлуғын тамашалауды сұрап тұратын мекендер баршылық. Ол жерлер туралы ақпарат өз жалғасын табады. Егер сізді қызықтыратын басқа да тақырып болса, өз ойыңызбен бөлісіңіз. Келесі жолы сол тақырыпта сөз қозғап, ой өрбітетін боламыз.

Серікжанова Айым - Оқу залдары бөлімі