Орыстың белгілі психологы, дәрігер В.Синельниковтың «Өз дертіңді ұнат» атты кітабы – психология саласындағы аса танымал еңбек. Көп адам осы кітапты оқып шыққан соң өмір жолдарын жаңа парақшадан жаза бастайды екен. Өйткені кітапта адам өмірінде болатын кез келген жағымсыз оқиғаның ауру тудыратыны айтылады.
Айтылған сөздің дәлелі ретінде, аталмыш кітаптың «Тамақ» атты тарауынан үзінді келтіре кетейік. Тамақ адамның өз-өзіне жауап беру, қалауын сұрау қабілеттерін жүзеге асырады. Тамақтың жағдайы адамдармен қарым-қатынасымыздан хабар береді. Егер жақын адамдарымызбен жақсы қарым-қатынас құра алсақ, тамағымыз әрқашан сау болмақ. Тек ас-ауқатты ғана емес, затты, идеяны, адамдарды да тамақ арқылы қабылдаймыз. Егер бір нәрсені қабылдай алмасақ, бірден тамағымыз сыр береді.
Егер сіз дөрекі сөйлеуден тартынып, көмейіңізге келіп тұрған сөзді жұтып қойсаңыз, ашуыңызды сыртқа шығармай, бойыңызда ұстасаңыз немесе ойыңызды ашып айтудан қорықсаңыз, тамағыңыз қабына бастайды. Аурудың бұл түрі тыйым салынған нәрсені айтуға кедергі болудан туады. Тамағы ауыратын адамдар өз-өзін көрсетуден қашатын, қарым-қатынасын білдіре бермейтін, өз-өзіне жауап беруі қиын, өз қалауын сұрай алмайтын адамдар болып келеді.
Осы тұрғыда американдық дәрігер Ле Шан да өзінің «Қатерлі ісік – өмірді өзгерту сәті» деп аталатын кітабында аталған сырқаттың сан түрлі себептері мен оны емдеу жолдарын келтіреді.
Әлі ана тілімізге аударылып үлгермеген бұл еңбекте Ле Шан бір қарағанда күлкілі болып көрінетін тұжырым жасайды. Оның айтуы бойынша, қатерлі ісік – өлімге алып келетін ауру емес. Өзінің отыз жылдық еңбегі барысында ол аты қорқынышты аурудың адамның ішкі дүниесімен байланысы барын анықтаған. Егер адам өмірінің мәнін жоғалтып алса, бірден сол сырқатқа шалдығады екен. Әсіресе, бір кезде аса белсенді өмір сүріп, кейін қалыпты күн кешіп кеткен, сонымен қатар, қасындағылардың көңілі үшін қалаған ісімен айналыса алмаған, ұлы дүниелерді арман еткен жандардың да қатерлі ісікке бой алдыратынын атап өткен жөн.
Қорыта келе, ағзамызды аурудан ада еткіміз келсе, ішкі ойымызға, жан дүниемізге, әрбір іс-әрекетімізге абай болып, жүрек тыныштығын сақтау қажеттігін айтқымыз келеді. Аурудың ауылы алыста екендігін естен шығармайық.
Жадыра Байбуланова
Абонемент бөлімі