Америка мәдениеті жайлы не білемін?

Америка сөзін естігенде не оқығанда, әртүрлі ассоциациялар ойға келеді: Нью-Йорк, кока-кола, әлемге әйгілі жұлдыздар жайнаған Американың кескін-келбеті түсірілген блокбастер фильмдер, Макдональдс, Старбакс, бейсбол, баскетбол, джаз және тағы да басқа бітпес сөздер легі десек болады. Алуан түрлі мәдениеттердің ықпал ету нәтижесінде Америка негізі құрылған. Сонда Америка мәдениеті жайлы не айтуға болады?

Америка мәдениеті әлемге әйгілі алуан түрлі әлеуметтік иконаларға толы. Америка тағамы әлемнің барлық түкпіріне дейін таралып, кока-кола не екенін кішкентай, я дамымаған елдерге дейін мәлім. Голливуд фильмдері әрбір ірі елдерде көрсетіледі және танымал, талантты жұлдыздардың арқасында көрермендерге ұмытылмас әсер тудырады. Америка музыкасы бұрыннан әйгілі болған соң, тіпті жапон караоке-барлардың ішінде классикалық американдық әншілер мен топтардың өлеңдері Америкадан гөрі жиі айтылады. Америкада тұратын афроамерикалықтар бүкіл әлемге әуезді блюз бен джаз музыкасын таратты. Қазіргі кезде дүние жүзінде кеңінен тараған көк джинсы киімдері, Харли Дэвидсон мотоциклдары, үйдің ауласында барлық отбасымен бірге өткізетін барбекю шағын жиыны, америка мәдениетін түсінудің жақсы да жақын нұсқасы деуге болады.

Әрбір мәдениеттің өкіліне өз мерекелер тән. Алуан түрлі мейрамдарды тойлау ерекшелігі америка мәдениетін жақынырақ түсінуге көмектеседі. Мерекелер тізімі айтарлықтай ұзақ болған соң, жеке өзіме көзге түскен, баршамызға паш етілген мереке – Хэллоуин мерекесі жайлы қысқаша тоқталып кетсем.

Бұл мереке үйді безіндіру мен тәттілерді сатып алудан басталады. Тойлау күні 31-ші қазан. Қазіргі танда осы мереке АҚШ, Ирландия, Шотландия, Канада және Англия елдерінде айрықша танымал.

Хэллоуин мерекесінде балалар әр түрлі костюмдерді киіп, көрші үйлерге барып, арнайы сөз айтқан соң тәттілерді, көкөністерді, жаңғақтарды сай ретінде алады.

Бұл мереке өзіне ғана тән ерекше атмосферасымен қызықтырады. Көз алдына елестетіп көріңіздерші: Кеш. Бұлтты күн. Шамалы тұмандау. Айналадағы үйлер түрлі пішінді асқабақпен және әркелкі шамдармен безендірілген. Балалар танымал қорқынышты кейіпкерлерше киініп, үйлерді аралап, тәттілерді алуда. Осы сәт келесі күнге дейін созылады десек, сірә ішкі сезім қанағаты. Өте ерекше, мистика ұшқыны сезіледі деуге болады. Сіздер қалай ойлайсыздар? Осы мереке сияқты Америка мәдениетінде көптеген мерекелер ерекше ықылас көңілмен тойланады. Басқа елде тұра, көңілге жаққан Америка мерекелерін тойлауда, Голливуд фильмдерінде бейнеленген оқиғалар сияқты, кішкене болсын американдық сезім туындайды.

Қорыта келе, Американың өзіне бармай, толығымен оның мәдениетін түсіну қиын болуы мүмкін, ал оны оқып түсіну ұзақ уақытқа дейін созылар. Сондықтан Америкаға қызығушылық танытсақ, бірте-бірте ынтыға құштарлана зерделеуді бастап, мүмкіндік туған мезетте Американың өзіне сапарға шығып, өз көзімен барлығына куә болайық.

Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық! - деп Америка жайлы өз пікірімді осымен аяқтаймын.

P.S. Кітапхананың Американдық бұрышында АҚШ мәдениеті мен әдебиетін дәріптеу мақсатында, американдық азаматтардың қатысуымен бірнеше клуб ұйымдастырылған. Осындай клубтар нәтижесінде АҚШ туралы қызықты мәліметтердің куәгері бола аласыз.

Динара Кульмагамбетова, халықаралық әдебиеттер бөлімі