"Ұлт рухының кемеңгері"

Ұлт рухының кемеңгері Келдібекұлы Қазыбек бабамыздың 350 жылдық мерейтойы Қарағанды өңірінде басталды.

2017 жылдың 21 сәуір күні облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының мерейтойына арналған «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш шараға есімі елге танымал әдебиеттанушы, тілші, тарихшы ғалымдар, сондай-ақ, облыстағы тіл жанашырлары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Осы ауқымды шараға Қарағанды облыстық Н.В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы «Ұлт рухының кемеңгері» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Бұл көрмеде Қазыбек бидің өміріне, тарихи, саяси еңбектеріне байланысты құнды әдебиеттер қойылды. Кітапхана қорынан алынған терең де мағыналы, мазмұнды, тарихи деректерге толы құжаттар шара қонақтарының қызығушылығын тудырды.

Өз заманында ел мүддесін ойлаған Қазыбек бидің құпияға толы шежірелері  мен ғылыми зерттеулері, газет-журналдарға жарияланған еңбектері мен фото-суреттері де осы көрмеден табылды. Атап айтсақ Қаздауысты Қазыбек бидің ата-тек шежіресі, туып өскен ортасы, ел басына қаралы күн туған зұлмат кезеңдегі қайраткерлік еңбектері жайлы баяндайтын «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясы. Аталмыш тұлғалық басылым Қазақстандағы энциклопедиялардың арасынан ең үздік деп танылған.

Арқа өңірінің төлқұжатына айналған «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көрген 100 томдық кітаптардың алғашқы томы «Қаз дауысты Қазыбек биге» арналған.

2000 жылы «Фолиант» баспасынан  жарық көрген Жамбыл Омаридің «Қаз дауысты Қазыбек би» кітабы, С. Дәуітовтің құрастыруымен 2014 жылы жарыққа шыққан «Қаз дауысты Қазыбек би» кітабы бүгінгі күні оқырмандардың сүйікті кітабына айналған.

Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қазақ Ордасының мемлекеттілігін, халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда ерекше рөл атқарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ел тұтқасы болған кемеңгер билердің ел тұтастығын сақтап қалудағы ерен еңбектерін кеңіненбаяндайтын «Бабалар сөзінің» 86 томы мен кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған белгілі жерлес жазушы Софы Сматаевтың «Елім-ай» романыда осы көрмеден табылды.

Және де елдің ауыз бірлігін сақтап, халқын ерлікке, елдікке шақырып отырған дана билеріміз Төле мен Әйтеке бабаларымыз жайлы әдебиеттер де назардан тыс қалмады.

Қазыбек би – шешендік сөздерді тақырыптық тұрғыдан байытып, мазмұндық жағынан тереңдетіп қана қоймай, оның үйлесімділігіне аса мән берген.

Баба мұрасы – ұрпаққа  ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына. Халықаралық елшілік, дипломатиялық саясатта елімізді биік белеске көтерген – Қаз дауысты Қазыбек бидің ұлттық шешендік өнерінің орыны айрықша.

Осы кітаптармен жақынырақ танысып, оқимын десеңіздер кітапхана қоры сіздер үшін екенін ұмытпаңыздар!

Мақатай Е.А., Өлкетану бөлімінің құжаттарды цифрлау қызметкері