Жақсы сөз айт,
Жақсы тілек тілегін.
Жақсы сөз де – жарым ырыс, тірегің.
Жақсы сөзбен жылы-жылы сөйле сен,
Жақсы ойға толсын жаның, жүрегің – деп ақын жырлағандай, жақсы ойда болу, жақсы сөйлеу, жалпы адамға тілектес болу - ол әрбір адамның міндеті десек болады.
Жақсы ой - жақсы сөзді жарыққа шығарушы. Жақсылыққа құштарлық, жан-жағына мейіріммен қарау, бауырмалдық, тілектестік бәрі жақсы қасиеттер қатарынан.
Адам баласы бірін-бірі мерейлі, мерекелі күндермен құттықтау әдеті көнеден бастау алған. Қайсыбір заманда болмасын, балаларымыз ағайын-туысының, жақын бауырының, жолдасының, малы аралас, қойы қоралас көрші-ауылдастарының қуанышына ортақ болып, қайғысын бөлісіп жүргенді жөн санаған. Уақыт өте халқымыздың салт-дәстүрлері заман талабына сай баи түсіп, олардың даму деңгейі жаңа сатыға көтеріле берген.
Қуанышқа, тойға ортақтасқан әрбір адамның өзіндік тілегі бар. Тілектің де түр-түрі бар. Бастысы, оның шын жүректен және жақсы ниетте айтылуы маңызды десек болады.
Тілектер өте көп. Қара сөзбен өрілген арнаулардан гөрі, қара өлең ұйқасында жазылған тілектер тыңдаушы адамға қатты әсер етеді. Сондай ұйқаспен, алтын сөздерді тілге тиек еткен мәнді де мағыналы асыл тілектерге тоқталсақ:
Әкеге тілек:
Ең тамаша сөз бұл өмірде «Әке» деген,
Суыққа бір шалдырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.
Тағдырдың кеуде тосып жартасына,
Біз үшін түскен майдан ортасына.
Алаңсыз, сауық-сайран, шалқып жүрміз,
Біз бүгін әкелердің арқасында.
Әкешім, жүреміз біз бір өзіңді арқаланып,
Жетеді жақсы ісің жұрт тамсанарлық.
Жүзге жет, жүзің жарқын, денің сау боп,
Оны да аман-есен қарсы алалық.
Жас жұбайларға арналған тілек:
1.Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,
Мұқалмаңдар, мұратыңа жетіңдер.
Бір-біріңе дәл бүгінгі сезіммен,
Өмір бойы ғашық болып өтіңдер.
Сүйген жүрек сөнбесін, жалындасын!
Сүйген жүрек өзгені сағынбасын!
Жас жұбайлар қосағымен қоса ағарып,
Бақыттары алдарына жарылқасын.
2.Дейді екен
«Той – құдайдың несібесі»,
Өрлей берсін
Жастардың көші, қосы.
Тату-тәтті екі жас ғұмыр кешіп,
Есте қалсын мәңгіге осы кеші.
Қамқор боп,
Мейірбан боп бір-біріне,
Жаманшылық көрмесін тірлігінде.
Бірлігіне бүкіл жұрт қолын соғып,
Риза болсын көктегі нұрлы күн де.
Жас балаға тілек:
Өмірдің жазынан, күзінен,
Әр батқан кеш сайын, таң сайын,
Шұғыла нұр шашар жүзінен,
Болшы сен ел сыйлар ханшайым.
Бұйырған маңдайдың бағына,
Бір сенде - құт пенен дәулет те.
Ақ сәуле төгетін жаныма,
Жұлдыз боп тудың сен әулетке.
Той-думансыз, мерекесіз ғұмырымыздың мән-мағынасы жоқ сияқты. Айналаңда қуанышыңа ортақтасар жақындарың болғаны да жүрекке жылылық сыйлайды. Тілектес екендері көңілге сенім ұялатады. Жылдарымыз жемісті, айларымыз арайлы, күндеріміз көңілді, сағаттарымыз сәтті, минуттарымыз мәнді болсын. Тілектер қабыл бола берсін!!!
Сейдигазимова Шынар, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы