Қазақ – ырымшыл халық. Барлығымыз жастайымыздан «Бос бесікті тербетпе, адамды айналма, босағада тұрма» деген ырым-тыйымдарды естіп өстік. Олай жасай қалсақ, қандай қауіп күтеді деген сұрақ санамызда қалып қоятыны да жасырын емес.
Ырым – халықтың жақсы ниеті мен тілегінен туған ғұрып. Ол елдің мінезі, әдет-ғұрпымен біте қайнасқан. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы, халықта жасы 100-ге жеткен адамның киімін, ұстаған затын жасын берсін деп үлестіріп, бөліп алу салты сақталған. Сол сияқты, баласы ауру-сырқауға көп шалдығатын адам оған Күшік, Қошқарбай, Терісаяқ сынды қолайсыз ат қойса, тіл-көзден аман болады деп ырымдаған.
Сөйте тұра, халқымыз «қазақ ырым етеді, ырым етсе, қырын кетеді» деп, тым ырымшыл болудың да зиянды екендігін ескертеді. Сондай-ақ, оның бәрі бірдей орындала бермейтіндігін аңғартады. Ырымдар салт және сенім ырымдары деп екі түрге бөлінеді.
Халқымызда осындай сан алуан ырым-тыйым түрлері баршылық, мысалы...
- Сәбиге көз тимес үшін, бетіне күйе жағып қояды.
- Бесікті бейуақытта далаға шығармайды.
- Әкесі тірі адам бас ұстамайды.
- Жас балаға бұғана ұстатпайды, бойы өспей қалады.
- Бала ішегін тартса – жаманшылық болады.
- Жас босанған әйел түнде суға бармайды.
- Жол кескен жаман ырым.
- Түнде үй сыпырмайды.
Мен бүгін аталмыш ырымдарға деген қоғамның пікірін білу мақсатында, шағын зерттеу жүргізіп едім. «Ырымға сенесіз бе?» деген сұраққа кітапхана оқырмандары мен қызметкерлерінің жауабын назарларыңызға ұсынсам...
Балжан, бөлім басшысы:
- Бұрын сенбейтін едім, жас келген сайын сеніп келемін. Кейде беталды ырым-тыйымдардан «біз мұсылманбыз» деп өзімізді тоқтатамын. Мысалы, мамыр айында үйленуге болмайды деген сияқты тыйымдарды жөнсіз деп білемін.
Хан Жунайд, кітапхана оқырманы, студент:
- Мен мұсылман дінін ұстанамын. Ырымдарға мүлде сенбеймін.
Мөлдір, инженер-жүйетехник:
- Қазақ ырымдарының қайсы шариғатпен сәйкес келсе, соған сенемін. «Қара мысық алдыңнан өтсе, жолың болмайды» деген ойдан шығарылғандарына сенбеймін. Себебі, мысықтың кетіп бара жатқан өз жолы бар, оның сізге түк қатысы жоқ.
Көмек, кітапхана оқырманы:
- «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, жақсы ырым болса, неге сенбеске?
Лена, кітапханашы:
- Барлығына бірдей болмаса да сенемін. Менің анам қатты сенеді. Әр айтылған жағдайды ырым-тыйыммен байланыстырып отырады.
Диас, кітапхана оқырманы, оқушы:
- Сенбеймін, неге сенбейтінімді білмеймін.
Людмила Сергеевна, кітапханашы:
- Ырым деген – адамдардың әлсіздігін білдіреді. Мен өзімді соншалықты әлсіз адам деп есептемеймін. Бірақ ырымға сенемін...
Ал, құрметті оқырман, Сіз ырымға сенесіз бе?
Байбуланова Ж.Т., абонемент бөлімінің кітапханашысы