Құрметті кітапхана оқырмандары, өнер туралы әдебиеттер бөлімі сіздерді 15 сәуір «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ғашықтар мерекесімен құттықтай отырып, сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз деген тілек білдіреді. Назарларыңызға қос ғашық туралы махаббат дастанына тоқтала кетсек.
Жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы – өнер мен өмір, тәрбие-тағылым мектебі екені хақ...
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу–Ғ.Мүсіреповтің халық жыры негізінде жазған 4 перделі, 7 суретті трагедиясы. Шығарма 1939 ж. сәуір айында жазылып біткен. Оның сюжеті ертеден мәлім жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен қызғаныштың арасында туатын тартыс желісіне құрылған. Бір жылы дүниеге келген құрдас Қозы мен Баян бірін бірі жастайынан-ақ сүйіп табысады. Бірақ балғын жастардың махаббатына қызғаныш уын ішкен Қодардың жауыздығынан әрі Қарабайдың сараңдығынан екі жас мерт болады. Осындай қайғылы оқиғамен аяқталатын трагедия алғаш рет Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер М.Г. Насоновтың сахналауымен 1940 жылы 29 сәуірдекөрермен назарына ұсынылды. Бұл спектакльге О.Т. Жұмағұлов (Қозы Көрпеш), Ж. Жалмұхамедова (Баян), М.Б. Шамова мен Р.Р. Қойшыбаева (Мақпал), С. Қожамқұлов (Қарабай), Е. Өмірзақов пен Ә. Хәсенов (Қодар) т.б актерлер қатысып ойнады.
Пьеса бірнеше рет орыс тілінде басылған, эстон тілінде кітап болып шыққан (1948, Таллин). «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» 1950 жылы Мәскеу драма театрында "Махаббат дастаны" деген атпен қойылды, сондай-ақ, КСРО Республикаларының театрларында бірнеше тілдерде сахналанды.
Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеуді ұсынып, бастама көтерген Дархан Мыңбай атты Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келген ел ағасы. 1999 жылдан бері атап өтіліп келе жатса да, күшіне енді ғана еніп, жастарды қызықтырып, бір ойдың, бір идеяның астына жинап отыр.
Махаббат – дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті.
Құрметті оқырман, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ғашықтар мерекесі жайлы сіз қандай ойдасыз? Өз ойыңызды төменде көрсетіп жаза аласыз. Біз үшін әр оқырманның пікірі маңызды.
Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы Қадырова Г.Д.