Мәуліт мерекесін тойлаудың маңызы неде?

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыт» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты аталып өтілетін күн Мәуліт деп аталады. Бұл –дінде әу баста болмаған, кейін енгізілген нәрсе.

Пайғамбарымыздың есімі Мұхаммед, әкесінің аты Абдулла, анасының аты Әмина. Ана құрсағында болғанына жеті ай толғанда әкесі дүние салады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде 571 жылы сәуірдің 20-сына сай келген рабиуләууәл айының  он екінші жұлдызында жексенбіден дүйсенбіге қараған таң алдында дүниеге келген. Күн шықпай тұрғанда-ақ жүзіне рисалат нұры құйылған. Күпірлік, зұлымдық және надандық тәрізді дүниелік кесел-кесірлердің, жамандықтардың бәрінен де айықтырушы, арылтушы сәулесі түсіпті. Ешбір заманда нәресте дүниеге келгенде нақ мұндай құбылыс болмаған және тіпті болмайды да екен. Оның тууымен адамзат өмірінде жаңа бақытты дәуір ашылды.

Ақиқатында, Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді. Көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен шыққанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады.

Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың туған күнін тойлау ислам әлемінде һижри IY-Y ғасырларынан тасалады. Бұл жайлы көптеген ислам ғалымдары құнды еңбектер жазып, діннен оның алатын орнын анықтаған.

Бұл жайлы ислам ғалымдары не айтады, соған назар аударсақ:

«Мәуліт түнінде жиналып, мәуліт қасидасын оқу, дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстаһаб (жақсы амалдар) болады. Салихтерге киім секілді сыйлықтар беру, бұл түнге құрмет ету болып саналады. Бұларды Алла разылығы үшін жасау өте сауапты болады». (Ибни Баттал Малики)

«Кімде-кім Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды». (Жүнайд Бағдади)

«Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін оқытуда жұмсар едім». (Хасан Әл-Басри (р.а.)

Мәуліттегі мақсатымыз – Оны еске алу. Оның теңдессіз тұлғасынан өнегенің бір тамшысын болса да алуға талпыну. Оның кіршіксіз өмірбаянын жадымызда бір жаңғырту. Оған сансыз салауаттар айту, оның есімін әлемге жар салу

Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға құтты болсын. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың арта түсуіне бір сеп болғай.

Сейдигазимова Шынар, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы