Кітапханада он бес жылдан астам уақыт «Әдеби қонақжай» клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелерінің дені - зейнеткерлер. Олардың ішінде бұрынғы ғылыми қызметкерлер, заңгерлер, әскери адамдар, инженер-техниктер, мұғалімдер, есепшілер, тігіншілер, өсімдік танушылар т.б. мамандық иелері бар. Кітапқұмарлықтарының арқасында бір ортаға жиналған клуб мүшелері ай сайын бір-бірін сағына көріседі. Зейнетке шықса да, қол қусырып қарап отырмайтын жандардың әрқайсысының сүйікті істері де баршылық. Біреуі өлең жазады, біреуі омарта ұстайды, біреуі қолөнермен, біреуі тағысын—тағы, әртүрлі өмірі мен өзіне қажетті істермен айналысады. Әр кездесу сайын клуб мүшелері өз қызығушылықтарымен бөлісіп, өмірде орын алған жағдаяттарын, қызығушылықтарының неден туғанын әңгімелейді. Және өздеріне тартымды іспен айналасуға қажетті әдебиеттерді таңдап, басқаларға ұсынуды да ұмытпайды. Осындай әсерлі кездесу мен ерекше әңгіме клуб мүшесі П.А. Ломакиннің қызығушылығымен байланысты өтті. Кезекті бір отырыста ол өзінің сүйікті хоббиі туралы бөлісті. Петр Александрович минералды тастарды жинаумен айналысады және «Аширит» минералдар клубының мүшесі екен. Міне, қызық?! Клуб мүшелері зор қызығушылық танытты. Көп кешікпей «Аширит» минералдар клубының бір топ мүшелері «Әдеби қонақжай» клубымен кездесуге келді. Отырысқа келген әрбір адам табиғаттың ерекше туындылары, табиғи тастар коллекциясын тамашалап, олардың сан қырлы құпиясына қанығып, энергиясын сезініп, әдемілігін тамашалады.
Ғажайып тастарға деген қызығушылықтары алабөтен бұл топ облысымыздың шалғай жерлеріне де шығып тас іздеумен айналысады екен. Кейде тез табылатын, кейде тереңнен табылатын тастар сырына үңілетін геологтар әр экспонат жайлы қызықты әңгіме жүргізді.
Руслан Телегин өзінің тас жинауға деген құлшынысының пайда болғанына көп болмағанынын айтты. Бірде, қаламыздың Оңтүстік-Шығыс ауданында тұратын Руслан таңертең ертемен үйден шығып, таза ауада жол бойымен жаяу серуендеп жүріпті. Бір кезде аяқ астынан жылтыраған тас тауып алады. Әлгі тасты алып, қызықтап, нендей тас екенін анықтауға кіріседі. Сөйтсе, агат болып шығыпты. Енді, ол таңертеңгі серуендеуді тас іздеумен байланыстырады. Бірде табады, бірде құр келеді. Бірақ, құр келсе де өкініш жоқ, таңғы таза ауада кеудеңді кере демалып, жаяу серуендеуден жанға тамаша рахат аласың - дейді. Тас іздеп жүріп тап болған оқиғалары тіпті қызық.
Әсерлі әңгіменің жетегімен кейбір адамдар тас іздеуге қызығушылық та танытып жатты. Табиғи тастарды іздеу, жинау көп уақыт пен күш-жігерді қажет етсе де, ешқандай қиындыққа мойынсұнбай көңіліне жақын іспен айналысқан геологтардың әр саяхаты – табиғат аясына шыққан демалыс болып табылады.
Олай болса, құрметті оқырман, сіз де ойланып көрерсіз?
Б. Қ. Абеуова, Абонемент бөлімінің басшысы