«Балауса қалам – жауқазын жырлар»

Біз қазақ деген ел «аттың үстінде алты ауыз, түйенің үстінде тұрып төрт ауыз» өлең шығарған елміз. Бүгінгі таңда өлеңнің ережесін меңгеріп алып, ұйқас құрап жаза беретін ақынсымақтар аз емес. «Мен кезінде Маралтай, Әмірхан, Бақыт, Жарастардың буыны туралы «Алтын көпір» атты талдау мақала жазғам. Қазір осы қыз-жігіттердің алды қырық жасқа келді. Ал, жас ақындар дегеніңіз солардан кейінгі өсіп келе жатқан жаңа буын» дейді Темірхан Медетбек. Ал белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы «жас ақындарда жаңашылдық жоқ, бірінің аузына бірі түкіргендей» деп сынға алады. Кейінгі буындағы жас ақындарымыз мұны ескереді деген сенімдеміз.

Биылғы жылы Қарағанды облысы,Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылының тумасы Ернұр есімді жас ақын бауырымыздың алғашқы тырнақ алды туындысы жарық көрді. Ж. Кеңесбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысының жыр жинағының жарық көруіне айрықша ат салысқан мектеп мұғалімдері мен аудан азаматтары. Осыдан ақ бұл ауылдың ауызбіршілігінің қай деңгейде екендігі көрінеді. Ернұр Төкен өз қатарластарының алды. Сынып белсендісі, бірнеше аймақтық, аудандық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының «Алтын медалінің» иегері.Өлеңдері аудандық, қалалық және облыстық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады.

Ернұр Төкен өзінің «Балауса қалам – жауқазын жырлар» деген атпен шыққан жыр жинағын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арнайды. Алғашқы бетіндегі өлеңі де «Әлихан». 

Қиялға қанат бітірген Әлихан атам – арысым,

Кең далада жүгіріп, шыңдалып өскен барысым!

Қазақтың қамын ойлаған, мыңнан бір шыққан тұлпарым,

Бағына келген қазақтың арайлап атқан таңысың!

 

Отарлап жатқан жеріңді отаршылдардан сақтаған,

Еңсесі түскен елімнің, үмітін мінсіз ақтаған.

Халықты кірбің – күдігін, мәңгілікке сейілткен,

Көзді ашып кеттің қараңғы, бұлт жаппастай ғажап қып.

Өлеңдерінің көпшілігі патриоттық және арнау өлеңдер. Атап айтсақ «Туған жер», «Елбасы – ел тұғыры», «Астана», «Махамбет», «Әлихан атам – арысым», «Абзал ағаға» сынды тағы басқа өлеңдері бар. Ернұрдың мұндай жетістіктерге жетуіне өзіне сабақ беретін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Жарылғапованың еңбегі де зор.

Талай додада топ жарып жүрген Ернұр азамат «Шындық жайлы» өлеңінде былай дейді:

Әр жанның болар өзіне тән бір шындығы,

Айтылған шындық анықтайды ең құндыны.

Өтірік сөзден шындықты жасап шығарсың,

Ондай адамның босқа өтер өмір құрғыры.

Бұл да жас ақынның таным – түсінгін, мақсатының қай бағытта екендігін байқатады. Ес қуаты ересен жалындап тұрған жастың талабының таудай екендігін білдіреді.

Сарытерек ауылы кітапханасы  Ернұрдың кітабын біздің облыстық кітапханамызға арнайы тарту етті. Елдің үкілеген үмітін ақтар Ақтоғайдан шыққан дарынды ұлға, қаламың қарамды болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

 

Е.Мақатай - Өлкетану әдебиеті бөлімі