Астана – ұлы даланың жүрегінде жатқан, әлем танып, мойындаған Мәңгілік елдің қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы - жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған құбылыс.
Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдықа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?! Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленген Елордамыз елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Астана десек болашаққа ұмтылған ару қала көз алдымызға келеді. Оның қала орталығындағы «Сулы-жасыл» гүлзар көшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақорда, Астананың басты символы – «Бәйтерек» кешені, ресми іс-шаралар мен съездерді өткізетін – Тәуелсіздік сарайы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге арналған – Бейбітшілік және келісім сарайы, мәдениет ошағы – Опера және балет театры, Астананың ең үлкен ойын-сауық орталығы – Хан Шатыр және тағы да басқа көрікті жерлері қаланың келбетін келістіріп тұр.
Жастарымызды болашаққа бастайтын жас қаламыз, бүгінде әлем назарына ілікті. Себебі, EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізіліп жатыр. Көрмеде 115 ел мен 20 халықаралық ұйымның павилиондары ұсынылып, олардың әрқайсысы жаңаша бір кескін-келбетте сән келтірген. Тәуелсіз ел тарихында үлкен серпіліс болған көрмені тамашалауға кітапхана қызметкерлері топтасып барып келуде. Кітапхана сайтында «ЭКСПО-2017: бізбен бірге саяхатта» атты жаңа баннер қойылды. Және "ЭКСПО-2017" көрмесі аясында өткізілетін мәдени бағдарламалар афишасымен таныстырып, интернет-ресурстар мен мерзімді басылымдарға жасалған ақпараттық шолулардан қай елдің павильонына кіру қажеттігі туралы ақпарат беретін парақша ашылды.
Егер, Сіз, әлі де көрмені тамашаламаған болсаңыз, http://www.karlib.kz/index.php/ru/resursy/expo-2017 сілтемесінен, көрмеге барып келген біздің кітапханашылардың бейнероликтерімен, фотосуреттері мен жолжазбалары арқылы алған әсерлерімен таныса аласыз.
Ұлы даланың ажарына айналған Астана қаласының тарихымен, қарыштап дамып келе жатқан экономикасымен, әсем сәулет өнерімен, күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстыратын кітаптар біздің кітапхана сөрелерінен орын тепкен. Солардың бір қатарын сіздердің назарларыңызға ұсынамын:
- Арман Қала. – Алматы: Эдельвейс, 2001. - 48 б.
- Астана: фотоальбом. – Астана: Қазақстан, 2002. - 209 б.
- Ақыпбекұлы Ө. Ажарлы Астана. – Астана: Елорда, 2002. - 120 б.
- Досжан Д. Ақ Орда. – Астана: Елорда, 2005. - 528 б.
- Назарбаев Н. Ә. Еуразия жүрегінде. – Астана: Атамұра, 2005. - 192 б.
- Иманқызы Н. Астана-Ақорда: өлеңдер және поэмалар. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. - 96 б.
- Астана: 10 жыл: фотоальбомы. – Астан: Makhat Studio, 2008. - 242 б.
- Астана: энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 2008. - 576 с.
- Арайланған Астанам! = Астана, озаренная солнцем!: – Астана: Шаңырақ-медиа, 2010. - 123 б.
- Досжан С. Арман қала. – Алматы: Қазығұрт, 2011. - 256 б.
- Астана үшін мың тағзым! фотоальбом. – Астана Фолиант, 2012. - 152 б.
- Шахай Ш. Астана – Қазақстанның жүрегі. – Астана: Сарыарқа, 2012. - 318 б.
- Салықов К. Астана – елдің ажары. – Астана: Фолиант, 2013. - 196 б.
- Смайыл А. Тарих таңдаған Астана. – Астана: Полиграфкомбинат, 2014. – 479 б.
- Түгел С. Астана хикаялары. – Астана: Фолиант, 2014. - 405 б.
Астана бүгінде ұшқыр да қалыпты дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденуде. Бұл да болса халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігі, тұрақтылығы және ең бастысы шаттығы шалқыған бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқан, ақ көңілді, кең пейілді, ешкімді жатсынбайтын, жомарт мінезді қазағымның арқасы.
Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан жаңа қаламыз ешқашан жойылмасын. Елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, қол жеткізген жетістігіміз молайып, Астанамыз жайнай берсін!
Серікжанова А. – оқу залдары бөлімі