Батаменен ел көгерер...

Дана халқымыз «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деп бекер айтпаған. Халқымыз әрқашан тілегін тілеп, берілген батаға ерекше ден қойған. Қуанышты тойлар мен келелі жоралғыларда ауылдың қадірлі қариясынан бата алып, тіршілігімізбен жаңғырып отырған.

Бата беру дәстүрі арқылы ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Батаны тәрбие көзі деп білген халқымыз оған үлкен мән берген. Қазіргі кезде батаның қадір қасиетін жете бағаламай жүргендер бар. Сол дәстүрді қайта жаңғыртып, қолға алсақ. Өйткені, бата сөзінің мән-мағынасы, қадір қасиеті айырықша бағалы. "Жақсы сөз жарым ырыс" екеніне сенген халық батаны әр бір жақсылықтың бастауы деп есептейді. Оған терең мән береді. Бата сөздері ісіміздің алға басуына, тұрмысымыздың оңалуына игі әсерін тигізіп қана қоймай, ол ұрпақ тәрбиесінде де айрықша рөл атқарып келеді. Біз ұрпақты бата сөздерге мән берумен бірге бата алуға тырысуға үйретуіміз керек. Бата алу бақыт пен жақсылыққа жетудің ең ізгі жолы екеніне көздерін жеткізуіміз керек.

Халық арасында батаның екі түрі бар: «Ақ бата», «Теріс бата». Аты айтып тұрғандай біреуі жақсылыққа екіншісі жамандыққа бастайтын жол іспетті. Баталардың ішінде Ұлыстың ұлы күнінде айтылатын бата ең үлкен бата деп есептелген.

Бұрыңғы кезде ауызы дуалы айтқаны айдай адамдардан бата алуға тырысқан. Олардың берген батасы бос кетпей, қабыл болады деп ойлаған.

Кульманамбетова Гульжазира, мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы, кітапханашы.