Қазақта мүшел жас өте қасиетті саналған. Мүшел жас – қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы алғашқы Мүшелі делінеді, одан кейінгі Мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Ол 25-ке толғанда екі мүшел, 37-ге толғанда үш Мүшел, 49-ға келгенде төрт Мүшел, 61-ге келгенде бес Мүшел деп есептеледі. Халықтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі бөліністері мен Мүшел санау үрдістері қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яки қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеуді білдірді. Бірақ бір Мүшел жастағы ерекшеліктен келесі Мүшел жасқа өтуді әлеуметтік құбылыс деп тануға негіз жоқ. Өйткені ол адамның биологиялық қасиеттеріне де тән құбылыс болғандықтан, әр Мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады. Мысалы, 1-мүшел балиғатқа толуға байланысты болса, 2-мүшел ат жалын тартып мінген жастың есейген шағы, 3-мүшел ақыл-парасаттың толысу шағы деген адамның физиологиялық-психологиялық жетілулерін меңзейді. Мүшелдер арнайы ғұрыптар арқылы аталып өтілген. Олар: жарты Мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, “атқа мінгізу” мен қыз баланың құлағын тесіп, “сырға тағу”, алғашқы Мүшелінде балиғатқа толуына байланысты “он үште отау иесі” болу, тағы басқа. Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналды.
Енді кейбіреулер «мүшелде киім беру керек» деп өзінің кимейтін керексіздерін беріп жатады. Мен көрген үлкендер өзінің ең жақсы көретін киімін беруші еді. Құдайға шүкір, біз сол көнекөздерден үлгі-өнеге алдық. Мынадай бір деректі оқығаным бар. Сондай бір көргенді көріністі айта кеткен артық болмас. Қай жылы екені есімде жоқ, қараша айының басында консерваторияның концерт залында Сыр елінің әйгілі әншісі, белгілі сазгер Әлмұрза Ноғайбаевтың бір тамаша ән кеші өтті. Бір кезде Әлмұрза көпшілікке қарап: «Бүгін – менің туған күнім. Жай туған күн емес, мүшел жасым. Халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша мүшелде адам қимас киімін шын жүректен басқаға сыйлауы керек. Менің киімдерімнің ішіндегі өзім үшін ең қымбаты, бағалысы батыр Бәукең атамыздың қара шаңырағынан киген зерлі шапаным еді. Қадірлеп, қастерлеп үлкен сахналарда ғана киюші едім. Осы күнге аман-сау жетіп, алдарыңызда ән шырқап тұрғаныма Аллаға шүкіршілік етіп, мен де бабалар дәстүрін орындайын», – деп бір кезде өзім иығына жапқан шапанды інілік ізетпен сыйлы бір ағасына кигізді. Көрермен тікесінен тік тұрып қол соғып, қошемет жасады.
Кейбіреулер «әйтеуір қайыр-садақа берсем, мүшелден кедергісіз өтемін» деп ағат ойлайды. Егер адамның ішкі жан дүниесі тазармаса, күншілдік, менмендік, мақтаншақтық, жалқаулық сияқты жаман әдеттерінен құтылмаса, басынан кесек алтын айналдырып садақа берсе де, көкірегі көр күйі қала береді. Өз басым осыны естен шығармаған жөн дер ем..
Мүшел жасқа байланысты кезең:
1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13 кіреді - 14 шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25 кіреді - 26 шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37 кіреді - 38 шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49 кіреді - 50 шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61 кіреді - 62 шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73 кіреді - 74 шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85 кіреді - 86 шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97 кіреді - 98 шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109 кіреді - 110 шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121 кіреді - 122 шығады
Кульманамбетова Гульжазира,
мерзімді басылымдармен жұмыс бойынша секторы кітапханашы.