Коворкинг деген не? Ағылшын тілінен аударғанда - бірге жұмыс істеу.
Кітапханадағы коворкинг орталығын біз жаңа және өзекті құбылыс деп қабылдаумыз мүмкін. Бірақ, шын мәнінде ежелгі кітапханалардың бірі болып саналатын Египеттегі Александрия қаласындағы кітапхана - көптеген философтар мен математиктерге сол заманда «коворкинг орталығы» болған екен.
2005 жылы коворкингті бүкіл әлемге танымал еткен американдық программист Бред Ньюберг. Ол өзі сияқты фрилансерлермен (тапсырыс алып жұмыс істейтін адамдар) кеңсе жалдап, жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңа схемасын жасады. Еркін және бір-бірінен тәуелсіз адамдардың бір алаңда жұмыс істеу моделін көрсетті. Көп жағдайда бұл еркін фрилансерлермен және стартап (жаңа фирма) командаларының бір кеңседе жұмыс жасауы.
Қазіргі таңда кітапханадағы коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады. Бұл жерде достарыңызбен бос уақытты бірге өткізіп, көптеген қызықты іс-шараларға: акциялар, мерекелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік кластар, зияткерлік ойындарға және т.б. шараларға қатыса аласыз. Сондай-ақ, бұл өте маңызды - кітапхана ресурстарын пайдалану мүмкіндігіңіз бар. Кез келген цифрлық форматтағы интеллектуалды контент қолжетімді (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне, ойындар және т.б.); барлық форматтағы ақпараттық ресурстарды пайдалануда білікті мамандардан консультациялық көмек алу мүмкіндігі берілген және интеллектуалдық немесе эдьютейментік (ойын арқылы оқу) тікелей қарым қатынас жасауға алаң бөлінген.
Осындай, коворкинг орталықтардың бірі Қарағанды облысының Шахтинск қаласының орталық кітапханасында жұмыс жасауда. Эксперименттік жоба ретінде ұйымдастырылған бұл жоба бүгінгі күні Шахтинск қаласында өте танымал орталықтардың бірі.
Орталыққа келушілердің басым бөлігі - жастар тобы. Оларға емтиханға дайындалуға, дипломдық жұмыстар жазуға, шығармашылық жобалар құруға жалпы Интернеттен ақпарат іздеуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Коворкинг орталығы бірнеше аймаққа бөлінген: жұмыс орын - интернетке қосылған компьютер (сканер, принтер, скайп); семинар, тренингтер өткізетін зал; пайдаланушылардың жайлы жағдайда тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі - WI-FI аймағы, кино әуесқойларының «Киноман» клубының аймағы. Жалпы орталықта барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған.
Сонымен қазіргі заман ағымынан қалмай ілесіп отыру үшін кітапханадағы коворкинг-орталықтар тек қана жұмыс жасайтын алаң ғана болмай, бос уақытты тиімді өткізетін және шығармашылықпен айналысатын алаң ретінде танымал болуда.
Кітапханаларды дамыту бөлімінің әдістемелік-инновациялық жұмысы секторының басшысы А.К.Карашова