Өлең өрілген кеш

27-қыркүйек "Жыр-жауһарлықтар" үшін ерекше  есте қалар  күндердің бірі болды.  Сөз құдіретімен жасалған әдемі өрнек, айшықты жыр дестелері тербетті бүгін бәрін. Сезім қылын шертер  өрнекті өлең көңіл толқытты бүгін. Толассыз аққан жыр ағыны толқындай тулап, селдей тасып, арнасынан асты бүгін. Себебі, бүгін Қасым аруағына тәу етіп, оның асқақ рухымен арқаланған, "өзі өлеңге, өлең оған сыңар болған",  Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі, "Серпер", "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлықтарының, Т.Айбергенов атындағы  сыйлықтың, "Алтын қалам" қоғамдық сыйлығының иегері, "Қазақ әдебиетін қолдау" қоғамдық қорының жетекшісі, "ULT.KZ" интернет басылымының бас редакторы, "Кентавр" ұлттық әдеби апталығының  негізін қалаушы және  "Көлеңкелер күбірі", "Ғаршы", "Шексіздік сыртындағы шам"  атты өлеңдер  жинақтарының авторы, ақын Елгезек  Ақберен келді ортаға.  Жай келмей, Арқаның арқалы ақындары Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрәк пен "Жыр-жауһар" поэзия клубының Асан Мирас, Алмас Мырзаахмет, Жанат Жаңқаш, Дулат Аманжол сынды аты белгілі мүшелері мен жас шайырлары бас қосқан кешке жыр додасын қыздыра келді. Бейресми түрде өткен тартымды кездесуді "Қасым" журналының бас редакторы Серік  Сағынтай   тізгіндеді.

 

Ақын бірнеше өлеңдерін оқып, қойылған сұрақтарға орай еңбек жолы, ата – анасы жайлы сыр шертті.Үлкен ағаларымыз ақынға арнап ақ тілектерін жолдаса, жас ақындарымыз өздерінің жүрекжарды туындыларын ақын ағалары алдында оқу құрметіне ие болды. Кеште жыр ағыны селдей тасып, толқындай тулап тыңдаушының делебесін қоздырды. Көңіл толқытып, сезім қылын шертер өрнекті өлең оқыған "Жыр-жауһарлық" жастардың аяқ алысы көңілімізге қуаныш нұрын септі.   

Кеш соңында кітапханамыздың директоры Дина Базарбайқызы өлең өлкесінде өзіндік орны бар ақынға алғыс айтып, кітаптар тарту етті. Кеш өте тартымды өтті.