Қазіргі кезде балаларға арналған басылымдар басылып шығарыла ма?- десе менің есіме түсетіні бірінші «Балдырған» журналын айтар едім. «Балдырған» журналын бала кезімізде ауылдың пошташы апайы қашан әкеледі екен? - деп тосып жүретін едік. Журналды алған күні біздің отбасымызда мереке, қуаныш болатын. Таласа-тармаса оқитынбыз.
«Балдырған» журналы мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі әдеби-көркем журнал. Айына 1 рет шығатын, көлемі 1,5 баспа табақ журнал. 1958 жыл шілде айында алғаш нөмірі шыға бастады. Алғашқы редакторы көрнекті қазақ ақыны Мұзафар Әлімбаев. Басылым мақсаты – мектеп оқулықтарына көмекші болып, өсіп келе жатқан қазақ ұрпағына өз ана тілінің мәйегін сіңіру, өз ұлтының әдебиет арқылы келетін қайталанбас құндылықтарымен сусындату. «Балдырған» бүлдіршіндерді имандылыққа, еңбек сүйгіштікке, отаншылдық рухқа тәрбиелейтін басылым. Журнал бетінде қазақ халқының тарихына қатысты шағын ақпараттар, балалардың ой-өрісін кеңейтетін, тілін ұстартып, сөздік қорын байытатын өлең - тақпақтар, ертегі-аңыздар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар тұрақты жарияланады. Журнал айдарлары: "Бала тілі бал", "Кел, ойнайық", "Жаттап алу оңай", "Жұмбақтар" т.б. Жылдың әр мезгілінде келетін мерейлі мерекелер мен атаулы күндер ешқашан естен шыққан емес. «Тәуелсіздік күні», «Наурыз», «Астана күні», «Ата заң күні» сияқты жеткіншектердің отаншылдық тәрбиесінде зор маңыз алатын үлкен мейрамдарға баса мән беріледі.
«Айгөлек» журналы ХХІ ғасыр балаларының ой-сана, қызығушылық талап - талпынысы толық ескерілетін басылымдардың бірі. Журналдың редакторы Қымбат Әбілдәқызы. «Айгөлек» журналында балалар ойнап та, ойлап та оқи алу үшін әртүрлі айдарлар бар. Атап айтатын болсақ «Халық қазынасы», «Оқушылар қаламынан», «Айгөлектің кітапханасы», «Есімде қалған есті сөз», «Спорт беті» т.б. Сондай-ақ оқырманмен тығыз байланыс болу үшін олардың хаттары, шығармалары жарияланып тұрады. Ақыл-кеңестер де беріледі. Басты мақсат – бүлдіршіндердің бойына адалдық, жақсылық, отансүйгіштік сезімдерін ұялату. Басылымның әр бетіндегі әңгімелер оқылып, қызықты сұрақтарға жауап алу,ертегілер оқиғасына куә болу, балалардың қызығушылығын арттырады.
«Мөлдір бұлақ» журналы көркем суретті, әдемі безендірілген, көз тартарлық басылым. Мөлдір бұлақ” журналы республикамыздағы балаларға арналған ең іргелі журналдардың бірі. Бүлдіршіндердің әңгіме, өлеңдері үздіксіз жарияланады. Журналдың тағы бір ерекшелігі әр түрлі тақырыптарға айдарлар берілген. Айдарларына тоқталсақ олар :
- Балаларға арналға ертегілер
- Балғын бояу шеберлері
- Бастапқы бетБәйге! Бәйге! Бәйге
- Білім шырағы
- Ғибратты әңгіме
- Ер есімі — ел есінде
- Жаңалықтар
- Қолың қалт еткенде
- Ой бөлісу алаңы
- Өнердің жүзіп өріне
- Тарих кемеңгерлері
- Фотошуақ
- Хат сандық
- Шынықсаң, шымыр боласың!
«Ақ желкен» - Республикалық жастар және балаларға арналған әдеби-көркем журнал. Құрылтайшысы - ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі.Журнал редакторы Жанастан Кучукова. Айына бір рет шығады. Журналда тарихи, ғылым-танымдық, тәрбиелік мәні мол мақалалар, сондай-ақ талапкер жасөспірімдердің — мектеп оқушыларының өлең-жырлары, әңгіме, хикаяттары әрқашан жарияланып тұрады.
Осы журналдар жас оқырманды ізгілік пен ізеттілікке, адамгершілікке баулиды, теріс ойдан, жан баласына жат қылықтардан аулақ қылады деген ойдамын. Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету филиалына келіп оқуларыңызға болады.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету филиалының басшысы Багзибекова А.Х.