Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек.
Расул Ғамзатов.
Таяуда ғаламтордың «Инстаграмм» әлеуметтік желісінде латын әліпбиі жайындағы талқылауды көріп, жастардың пікірін білмек оймен талқылауға қатыстым. Латын әліпбиіне көшудегі қиындықтардың бірі – кітаптардың басылымы деген ойға жастар «21 ғасырда интернет тұрғанда қайдағы кітап?» деген секілді сөздер жазған екен. Кітапханада жұмыс істейтін мені бұл сөздер қатты жабырқатты. Неліктен қазіргі адамдардың көбісі кітап оқуды ескіліктің қалдығы деп санайды? «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген екен кезінде Ғабит Мүсірепов. Яғни, рухани дүниемізді байытуға бірден-бір ықпал ететін мұрамызды бағаламасақ, оқымасақ, оны сақтап қалуға ниеттенбесек – болашағымыз бұлыңғыр екені сөзсіз.
Кітап оқымау – бүгінде ғасыр дерті. Жастардың санасына кітапқа деген сүйіспеншілікті дарытуға жан-жақтылық танытуымыз керек.
Йель университетінің ғалымдары кітап оқу өмірді 2 жылға ұзартады деп дәләлдеген екен. Кітап оқығанда ми жасушалары арасындағы байланыс күшейіп, нейродегенеративті аурулардың пайда болуын тежейді. Сонымен қатар, кітап оқыған адамның сөйлеу қабілеттілігі, білім көкжиегі, сөздік қоры кеңейеді, ойлау қабілеттілігі артады.
«Бұрын кітапты бір-бірімізден кезектесіп алып оқитынбыз, ол ең бағалы сыйлық болушы еді» деп үлкен ағаларым мен әпкелерім айтып отырады. Ал қазір ше? Кітапханада жылдар бойы жиналған кітаптардың беті де ашылмай, шаң басып текке тұрып қалғаны қаншама?! Әрине, кітапханашылар сол кітаптар оқырман қолына түссін, оқылмай, ұмыт қалмасын деген ниетпен өз жұмыстарында көптеген әдіс-тәсілдерді де пайдалануда: қаланың көшелеріне шығып кітап насихаттау, жастардың қызығушылығын оятуға тіпті түнгі кітапхана акцияларын ұйымдастыру, әртүрлі флеш-мобтар мен библиодесанттар, айта берсек жеткілікті. Ал, сақтап қалу жұмыстары мен кітапхананың виртуалды оқырманына қолжетімдік жасау үшін сандық жүйеге өткізу жұмыстары бір төбе.
Жастардың, үйіңіздегі балалардың кітаптан бас алмай отырғанын жиі көресіз бе? Мен де байқамаппын. Бүгінгі бала ғаламторсыз өмір сүре алмайды. Таң атпастан ұялы телефонын қолына ұстап алып, күн батқанша жүреді. Әрине, ғаламтордың пайдасы көп. Аз ғана уақыт жұмсап, керекті мағлұматты тауып алуға болады. Бірақ сол ұялы телефонға үңілген балаға көз салыңызшы, оның қарағанының көбісі жас ерекшелігіне сай емес керексіз дүние. Сондықтан аз да болса, біраз уақыт бөліп, әр ата-ана баласымен кітап оқуды дағдыға алып көрсе. Ал кітапханашы кез-келген оқырманын қуана қарсы алып, қажетіне жарар кітап беруге дайын.
Құрметті оқырман! Кітапханаға барып, тізілген кітаптарға көз салыңыз. Кім біледі, бәлкім сөреде тұрған сіздің кітабыңыз сізді сарғая күтіп тұрған шығар...
Аманжолова А.А.
Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің кітапханашы-редакторы