Сүйіндік Жанысбай

Кітап - ескерткіш, кітап - рухани қазына. Ол адамның жан дүниесін байытып отыратын таусылмас байлық.

Өлкетану бөлімінде журналист – ҚР Мәдениет қайраткері қаламгер Сүйіндік Жанысбайдың 65 жылдық мерейтойына арналған «Сан қырлы қаламгер» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.

Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай 1949 жылы 13 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты «Қызыларай» ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1972 жылы бітірген.  С.Ж. Жанысбай шығармашылық қызметін облыстық телерадиокомитетінің редакторы болып бастады.  1980 – 2013 жылдар аралығында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жұмыс істеді.

С.Жанысбай өлең жазуды мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінің өзінде бастаған. Негізінен көркем аудармамен айналысады, бірнеше повесть, көптеген әңгіме жазған. Оның республикалық баспалардан шыққан «Құрыш қолтаңба» (1983 ж.), «Өрлеу» (1978 ж.) жинақтарына очерктері, «Көңілді көшенің жігіттері» атты жинақта (1981 ж.) басылып шықты. «Жазушы» баспасынан шыққан «Орман үстіндегі түн» (1990 ж.) атты жинаққа әңгімесі енген.

Той басқаратын асабаларға арналған «Ақ босаға» атты кітапша құрастырып шығарды. 2001 жылы «Ауылымды аңсадым» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Милиция өмірі жайлы әңгімелері мен очерктері және сұхбаттары «Өкініш» және «Взятка» деген атпен облыстық «Полиграфия» бірлестігінен, «Сарыарқаның самалы» атты туған жер, табиғат, экология мәселелері туралы кітабы (2003), «Кездесу» повестер мен әңгімелері «Астана» баспасынан 2007 жылы, Әділет сардары (2008), «Ақабайдың ала қабы» (2009), «Тыныштық күзетінде» (2013) жылы жеке кітап болып шықты.

Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.Қазақстанның мәдениет қайраткері (2004), Қазақстанның құрметті журналисі, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, зейнеткер. 2013 жылдан қалалық «Взгляднасобытия» газетінде жұмыс істейді.

Мақалалары мен көркем очерктері, новеллалары өзі еңбек еткен «Орталық Қазақстан» газетінде үзбей жарияланып тұрады.

Аталмыш көрмеде кітапхана қорындағы С.Жанысбайдың шығармалары, өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиеттер ұсынылған.

Сіздердің назарларыңызға ұсынғалы тұрған автордың кітаптарына тоқтала кетсек, 1995 жылы «Қарағанды» баспасынан «Өкініш» атты кітабы шыққан болатын. Бұл жинақтағы әңгімелер мен очерктердің басты кейіпкерлері өзіміздің облыстық ішкі істер органдарының қызметкерлері және олардың күнделікті қиын да, қауіп–қатерге толы қызметі қызғылықты баяндалады. Екінші бөлімдегі шағын әзіл – сықақ әңгімелерге өмірде болған және қазір де бар адамдардың айтқан сөздері арқау етіледі. 2007 жылы «Астана» баспасынан шыққан «Кездесу» атты кітабында автор екі повесі мен әңгімелерін топтастырып беріп отыр. Оқырманға бір ескерте кететін жағдай – бұл туындылардың Кеңестік дәуірде жазылса да, кезінде жарық көрмеген еді. Демек, оқиғалар мен сюжеттерге, тіл ерекшеліктеріне сол кездің көзімен қараған дұрыс. 1991 жылы «Жалын» баспасынан «Адамша кел» жинағында сықақ әңгімелері топтастырылып отыр. Сатираның обьектісі көп. Олар – қоғамға жат кереғар қылықтар: көрсеқызарлық пен пайдакүнемдік, алып – сатарлық пен көзбояушылық т. б. Міне, осы сияқты көкейкесті мәселелерді автор түрлі қырынан алып қарап, әрқайсы өзінше ой түйіндеп, өзіндік қолтаңбаларын танытқан.2009 жылы «Астана» баспасынан «Ақбайдың ала қабы» атты әзіл - оспақ, сын – сықақ әңгімелері топтастырылған. Оқырманның сүйіп оқитын тақырыбына арналған, өмірде болған, дуалы ауыз адамдарының айтып қалған шағын әңгімелері берілген. Жинақ қызықты оқылады, тілі жатық.Автордың кітапханаға сыйға тартқан 2013 жылы Қарағанды «АРКО» баспасынан жарық көрген «Тыныштық күзетінде. Настражепорядка», «Азаматым - Ардағым»атты жаңа кітаптарында облысымызға белгілі ғалымдар мен қаламгерлер туралы кезінде өзінің жазған естеліктері мен мақалаларымен таныса аласыздар. Шығармадағы оқиғалары қызықты, тілі жатық, жеңіл оқылады. Бұл кітаптар облыс тарихын зерттеушілер, өлкетанушылар мен жалпы оқырман қауым үшін пайдалы болары сөзсіз.

Оқырман қауым сіздерді журналист – қаламгердің кітап көрмесімен танысуға Өлкетану бөліміне шақырамыз!