Көп жағдайда біз уақытымызды ұтымды пайдаланудың орнына оны бос өткізіп жатамыз. Деніміз сау бола тұра шүкірлігімізді ұмытып, өмірге налитынымыз тағы бар. Армандап, болашаққа мақсат қойып, алға ұмтылудың орнына құлдырай береміз, құлдырай береміз. Және өзіміз сол өмірімізді қанағат етіп жүре береміз.
Олай дейтінім, неге біз болашаққа жоспар құрып, Лондонға, Дубайға, Америкаға, Францияға саяхаттап бармаймыз? «Ақша жоқ» деген жауабымыз ондайда дайын тұрады бізде. Ақша жоқ болса, оны табудың жолдары да жоқ деген сөз емес ол. Ізденіп жүріп, барлығына да қол жеткізуге болады. Ал неге біз мәжбүрліктен ғана өзіміз ұнатпайтын мамандық бойынша күніне 8 сағаттық жұмысқа тәуелді боп жүре беруіміз керек? Оның орнына өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысып, өз кәсібімізді неге ашпасқа? Түрлі қызықты кітаптарды оқып, санамызды дамытып, ізденіп, қолымыздан келсе өлеңмен өмірімізді өрнектеп, неліктен шабыты тасыған ақын немесе ұшқыр ойлы жазушы атанбасқа? Абай айтқандай, дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануға өзімізден басқа айтарлықтай кедергі жоқ екені айдан анық.
Өзіңді-өзің жігерлендіру, жетілдіру, қиындықпен күресе білу, шабыттану, шыңдалу, іздену. Осы қасиеттер әр біріміздің бойымызда болмаса, біз бар мүмкіндігімізден айрыламыз, онымен қоймай өз-өзімізге деген сенімімізді де жоғалтамыз. Ал күйреу деген өз-өзіңе деген сеніміңді жоғалтудан басталады.
Десек те, бұларды біздің санамызға сіңіретін, болашаққа жол ашатын, арман-мақсатымызды жүзеге асыруға қол ұшын беруге даяр бір адам бар, бір лидер бар, бір тұлға бар, бір мотиватор бар, бір оратор бар, бір психолог бар, бір бизнес-тренер бар. Ол қазақтың Дейл Карнегиі – Аманжол Рысмендиев.
Бизнес-тренер, Б. Момышұлы атындағы медаль иегері және де бизнестi дамыту бойынша кітаптардың белгілі авторы Аманжол Рысмендиевті біріміз танысақ, біріміз әлі де тани қоймаған шығармыз. Ал мен Аманжол ағамды Қазақстаннан шыққан ең мықты оратор, тыңдаушыларына қажырлы күш, мықты серпіліс беретін ең күшті мотиватор десем, артық айтпаған болармын.
2015 жылы Аманжол Рысмендиев жайлы, оның өлеңдері туралы маған ең алғаш айтқан туған әпкем болатын. Сол кезден бері Аманжол ағамның YouTube-тағы видеоларын көріп, өлеңдерін тыңдап жүрдім. Жылына 5000-6000-нан астам адаммен жұмыс істеп, солардың әрқайсысына демеу беріп, шабыттандырып, жігерлендіріп қана қоймай, өзін де дамытуға, ой-өрісін шыңдауға, жұмысын атқаруға, демалуға уақыт тауып жүрген сондай адамды ерекше жаратылған ба деп қаламын кейде.
24 сағат бәрімізге теңдей берілген уақыт. Алайда салыстырып қарар болсақ, қайсысымыз уақытымызды ұтымды пайдаланып жүрміз, Қазақстан халқына қайсысымыз көбірек жігер беріп жүрміз, қайсысымыз ел алдына шығып, күніне 7-8 сағатымызды арнаумен адамдарға мотивация беріп жүрміз? Әрине, Аманжол Рысмендиев!
Айта кетерлік бір жайт, оның 2008 жылы «Сезімнің шерткен күйлері», 2009 жылы «Сезім тамшылары», «Қырандардың қалықтау құпиясы» атты кітаптары жарық көрді. 2010 жылы «110%-ға жақсы өмір сүремін десеңіз», 2013 жылы « Өрлеу», 2014 жылы Ұлытау тобымен бірге «Өзіңді оят» аудио-кітабы, 2015 жылы «Бизнестегі бес қару» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Ал биылғы жылдың 28 қазанында «Кәсіпкерлік құпиясы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Егер «белгілі тұлға болып қалыптасамын, көздеген мақсатыма жетемін, болашағынан үміт күттіретін азамат, азаматша боламын» деп талпынып жүрген жас оқырмандар болса, онда міндетті түрде Аманжол Рысмендиевтің өлеңдерін тыңдаңыздар, YouTube желісіндегі видеоларын қараңыздар, кітаптарын оқыңыздар!
Ал менің бүгінгі тақырып аясында жазылған ой, тебіренісім сіздердің жүректеріңізден орын алса, оқуға лайық деп табылып, өз оқырмандарына жол тапса, мен әрине қуаныштымын. Күндердің бір күні сіздер де Қазақстанның бетке ұстар азаматы Аманжол Рысмендиев сияқты тренингтер өткізіп, әлі де кетігі бар бұл дүниеге бір кірпіш болып қаланарсыз деген сенімдемін. Ал сөзімді Аманжол ағамның өлеңімен аяқтасам деймін:
Өзіңді оят, дабылын қақсын арманың!
Өзіңді оят!
Жүре бермей түңіліп,
Күдіктеніп, қорқып, ылғи кідіріп.
Тұтансын сенде жалын беретін жүрекке,
Ұмтылдыратын Ұлы арман және Бір үміт.
Өзіңді оят!
Дабылын қақсын арманың,
Күтуде талай жетістіктерің алда мың.
Шабыттанғайсың жарқын болашақ жайында,
Уайым-қайғының астында сөніп қалмағын.
Өзіңді оят!
Адам екеніңді еске алып,
Білімнің жолын, ілімнің жолын төске алып.
Өмір дегенің өткенің емес, қалғаны -
Жүрген жоқсың сен жақсылықтардан кеш қалып.
Өзіңді оят!
Күшіңді сезін жасындай,
Талантың-таудай, тек қана жатыр ашылмай.
Үлкен ойыңмен үлкен жобалар бастарсың,
Ұмтылсаң досым ұялшақтыққа бас ұрмай.
Өзіңді оят!
Жүгенін жібер, жүйріктің,
Демегін маған "Орынсыз жерде киліктің".
Қиындықтарды сынақ деп қара батпайтын,
Күресіп жүріп мен-дағы қалқам , ширықтым.
Өзіңді оят!
Өтірік ойлармен түс көрмей,
Қиялдап жүріп қалмасын ісің істелмей.
Әрекеттенгін, әрекет-өмір өзегі,
"Білмедім" деме, аспаннан жаңа түскендей.
Өзіңді оят!
Өмірің өтіп кетпесін,
Орала қоймас уақыт дегенің өткесін.
Армандарыңды жүзеге асыр жігермен,
Көңіліңдегі көгілдір раушан көктесін!
Ілімбай Мөлдір, Ақпараттық-сервисті қызмет көрсету секторы