Жырымда қала, дала бар,
Туған ел бар, ана бар.
Десең де қанша бақытты,
Жазылмай кетер жара бар.
Жырымда жазым, күзім бар,
Өткерген өмір ізім бар.
Осының бәрі жоқ болса,
Мені де жоқ деп сызыңдар.
(К.Салықов)
Қазақтың жыр керуені ХХІ ғасырға аяқ басты. Талай ғасырларды көктеп өткен қазақтың қара өлеңі еліміздің тағдыр - талайымен біте қайнасып келе жатыр. Бір қарасаң, қазақ жыры халқымыз өмірінің тасқа басылып қалдырылған көркем шежіресі іспеттес. Бір өзі қос ғасырдың жүгін қатар арқалаған, өзі өмір сүрген замананың қоңыраулы үні де, қоңыр сазы да бола білген ұлттық поэзиямыздағы сондай алып тұлғалы ақындарымыздың бірі әрі бірегейі – Кәкімбек Салықов.
К. Салықовтың туғанына 85 жыл толуына орай өнер туралы әдебиеттер бөлімі «Жайнаған әлем» поэзия минуты тақырыбында кітапханамызда дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан арт – портал аясында Гуманитарлық колледж студенттерімен танымдық әңгіме жүргізді. Кездесу барысында ақынның балалық және жастық шағы, өскен ортасы, шығармашылығы туралы әңгіме өрбітілді. Ақындығы мен композиторлығы жайында да қызықты деректер айтылып өтілді.
Студенттер назарына К. Салықовтың «Көңіл назы», «Дүлдүлдердің дүбірі», «Мәңгі шырақ алауы» сияқты жыр жинақ кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылды.
Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар мен оқылған өлеңдерден - ақ олардың қазақ поэзиясына деген қызығушылықтарын тайға таңба басқандай анық байқауға болады.
Жүргізілген әңгіме соңында кітапханамызда көрсетілетін қызмет түрлері айтылып, сайты таныстырылып өтілді. Болашақ маман иелері білім алу жолында адам өміріндегі кітапхананың рөлі зор екеніне тағы бір көз жеткізгендей.
Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Қадырова Г.Д.