Қарға тамыр қалың қазақ үшін 2014 жыл орны толмас қазамен басталған болатын. Қазақ өлеңінің падишасы Ф.Оңғарсынова 75 жасында фәниден бақиға аттанды. Сол ауыр қайғыдан қан жұтып, еңсемізді енді тіктемек болғанда еңсемізді тағы да зіл басты. Қазақтың белгілі ақыны, сарабдал сыншы, бірнеше жыр кітаптарының авторы Әмірхан Балқыбек 45 жасқа аяқ басқан шағында өмірден өтті. Ақынның қазасына байланысты Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы атынан, кітапхана қабырғасында жұмыс жасайтын «Жыр-Жауһар» поэзия клубының атынан ақынның жары мен туған туыстарына, күллі қазақ жұртына көңіл айтамыз. Марқұм ағамыздың жаны жәннәтта, топырағы торқа болғай.
Әмірхан Балқыбектің қазақ деп, күллі адамзат деп соққан жүрегінің лүпілі, оның ойлы, отты жырлары біздің жадымызда мәңгі сақталмақ. Біз кітапхана ұжымы, «Жыр-Жауһар» поэзия клубы мүшелері ақынның шығармаларын насихаттап, жас ұрпақ санасында Ә.Балқыбектің толық азаматтық, ақындық тұлғасын қалыптастыруға тырысамыз.
«Жыр-Жауһар» поэзия клубының жетекшісі
Жәлел Шалқар