Домбыра шешен болса саңқылдайды,
Көсіліп бәйге атындай аңқылдайды.
Кездессең бабы тайған қу тақтайға,
Көңілі су сепкендей жартылайды.
Тәтті күй мұңлы, зарлы көңіл бөлер,
Адамға арқаланар әсер берер.
Отырса азаматтар ұйып тыңдап,
Сыпылдап он саусағын дөңгеленер.
Күй – қазақтың аспапты музыкасы. Күй – адамның белгілі бір сезім сәті. Ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұңды, қайғылы болуы да мүмкін.
Күй – бұйрық райлы мәндегі сөз. Мәселен «отқа күй» деген мағынада. Кейде «біреу үшін біреу күймек жоқ», «әбден шыдамым тауысылып, күйіп кеттім», «өзі бүлдіріп алып, сені нақақ күйдіреді» деп келетін бейнелі, образды сөздерде қолданылады.
Осынау «күй» деген түбір сөзден өрбіген алуан мағыналы сөздердің ортақ қасиетін, сабақтас мәнін аңғаруға болады. Күй аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес. Өмір-тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем көп ретте күйдің әуендік буын ырғағына әсер етеді.
Күй аспабы домбыраның сыршыл да нәзік үнді жаратылысына қарап отырып, осынау құдіретті аспап адамзат жүрегін әлдилеу үшін жаралмады ма екен деп ойлайсың. Қазақ күйлері өзінің санының молдығына және тақырыбының алуан түрлілігіне қарамастан, домбыра қазақ халқының табиғи болмысына етене жақын.
Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орыны бар күй өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан Мағауия Хамзин қазақтың әйгілі күйші–домбырашысы, Арқаның күйшілік мектебінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның халық артисі, профессор. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Қоңырат елді мекенінде 1927 жылы дүниеге келген. 2000 жылы Алматы қаласынан топырақ бұйырды.
Мағауияның ең алғаш домбыра ұстап, жұрт алдына шығуы 1937 жыл. Ол тұңғыш рет Балқаш мыс қорыту заводы мәдениет сарайында Тәттімбеттің «Қосбасарын» тартып, жұртшылықтың қошеметіне бөленеді.
Мағауия 1949 жылы П.Ц. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін бітіріп, одан кейін Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. 1950 жылы А.Жұбановтың ұсынысымен Мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне шақырылады. 1960 жылдан 1975 жылға дейін М.Хамзин Қазақтың Мемлекеттік «Қазақконцерт» гастрольдік–концерттік бірлестігінде жеке домбырашы болып қызмет жасады. Сонымен бірге Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында күй өнері класынан сабақ берді. Өмірінің соңғы жылдарында ол Балқаш қаласында тұрып, жас өнерпаздарға күй үйретумен айналысты.
Күйші Арқаның күйшілік мектебінің өрісін ұзартатын, өресін биіктететін тамаша күйлер шығарған дарынды композитор. Оның күйлері: «Жайлау», «Қосбасар», «Жарыс», «Космонавт», «Шопан күйі» т.б.
Құрметті оқырман, қазақтың музыка мәдениетіне қатысты мейлінше мол материалдар алғаш рет рухани айналымға түсіп, көптеген халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы тың дерек – тұжырымдар негізінде пайымдалып жазылған белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» кітабынан оқып біле аласыздар.
Сіздерді мәдени мұрамызды қолдап, кітап оқуға шақырамыз!!!
Өнер туралы әдебиеттер бөлімі Қадырова Г.Д.