Абайдың психологиялық көзқарасы

Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады, - деп ескертеді хакім Абай.

«Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұранымыз болуы тиіс» - деген Елбасының ойлы пікірін тірек ете отырып, жас ұрпақтың санасына Абай Құнанбаевтың жеке тұлғалық үйлесімділігін қалыптастырудағы ой пайымдаулары мен психологиялық көзқарастарын ұғындыру пайдалы іс  болмақ.

Абай – халқымыздың ұлы ойшысы. Абайдың «Қара сөздері» - терең пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, философиялық және психологиялық ойларға толы, тіршілік түйткілдерін дәл болжай білген құнды мұра.

Абай психологиядан арнайы еңбек жазбаса да, оның көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен осы ғылымның сан алуан мәселелеріне байланысты көңіл аударарлық түрлі ой-пікірлерді табу қиын емес. Ойшыл - ақын шығармаларында жалпы психологияның  жан мен тәннің арақатынасы, адамның психология даму жолындағы тәрбие мен білімнің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық психологияның жекелеген мәселелері де (педагогикалық әдеп, үлгі - өнеге, өзін - өзі тәрбиелеу жайлы, оқудың психология негіздері, ұлттық мінез - құлықты) көрініс тапқан.

Абай нағыз психолог болмаса да, халық психологиясы тақырыбын жалпы елдің өмірі туралы толғаныстарында дамытып, өрбітеді. Әлеуметтік мәселелерінде психологиялық астар терең, қоғамдағы адам орны, халқының ерекше ой-пікірі көптеген өлеңдерінде психологиялық мән - мағынасы жағынан ерекше орынға ие, адам өмірі мен психологиясын шындық жолмен көрсететін көпшілік бұқара үшін түсінікті және пайдалы түрде жеткізе білген Абайдың психологияға деген көзқарасы деп білеміз.

Психологиялық мәселелер жөнінде ой көтерген, қазақ халқындағы бірінші ойшыл Абай. Абайдың айтуынша, мінез – ғылым мен ақылды сақтап тұратын сауыт. Адам өз мінезін сақтауы қажет. Орынсыз құмарлық, жеңілдікке берілу сияқты әдеттен тыс мінез-құлық түрлері адам бойындағы мінездің беріктігін бұзады.

Абай өзінің психологиялық көзқарасына талдау жасай отырып, халқына мұра қылып қалдырып кеткен еңбектерінде болашақ жастарды тәрбиелеуге деген ынта - ықыласын көрсете білді. Еңбек тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі адам дамуындағы барлық ерекшеліктер педагогика және психология ғылымымен ұштасып жататын тығыз процесс екені айқын.

Психология ғалымы Т.Тәжібаев «...Абай тек қана асқан кемеңгер ойшыл ақын ғана емес, сонымен қатар ірі философ, психологиялық білімдер жүйесін насихаттаумен айналысқан. Ол ұлттық психологиялық ұғымдардың негізін қалады...» деп тұжырымдайды.

Қорыта айтқанда, Абай тағылымы бүгінгі таңда да өміршең екендігі еш күмән туғызбайды.

Оқырман қауым назарына, Абайдың психологияға деген көзқарасы мен  психологиялық еңбектеріне деген қызығушылықтарыңыз болса,   кітапханамыздың оқу залдары бөлімінің кітап қорынан төмендегідей әдебиеттерімен толықтай таныса аласыздар! Сондай-ақ, мерзімді басылымдар бөлімінен «Абай», «Абай Ақиқат» атты журналдарын да алып оқуларыңызға мүмкіндік мол! Ендеше, Абайды тереңінен тануға асығайық оқырман!

1. Абай. Қара сөз. Книга слов. – Алматы: Атамұра, 2016. – 200 б.

2. Абай. Абай мұрасы - тілдік өрістің негізі. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. – Алматы: Информ – А, 2005. – 367 б.

3. Құнанбаев А. Хикмет кітабы. - Алматы,Халықаралық Абай клубы, 2011 – 568 б.

4. Ғабдуллин. Н.  Абай тағылымы. Әдеби – сын мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1986. – 432 б.

5. Құнанбаев А. Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.- Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011. – 216 б.

6. Құнанбаев А. Шығармалар жинағы. - Алматы, Өлке баспасы, 2012. – 512 б.

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы Тусупбаева М.