Қазақ - қашаннан ақынжанды халық. Тілі шыққан баласына өлең жолдарын жаттатпайтыны сірә да жоқ шығар. Бала атаулының Абайдан кейінгі оқитыны Мұқағали ақынның өлеңдері екені даусыз.
Ақын Мұқағалидің өмірінде Тиын әжесінің алар орны ерекше. Мінезі адуынды, сөзге шешен, халық ауыз әдебиетін төгілтіп шертетін әжесін әрдайым мақтан тұтты. Әжесіне арнаған өлеңдері әнге де айналды. Алдымен отбасы мүшелеріне арнаған өлеңдерін оқып көріңіз. Ақынның қай өлеңін алсаңыз да тұнып тұрған өмір. Сол өмір сахнасында өмір сүріп жатқан адамдар тіршілігі ақын қаламына ілінгенін байқайсыз.
Мұқағали ағамыз халықты қалай сүйсе, халқы да оны сүйді. Оның поэзиясы көптің ерекше махаббатына бөленді. Ақынның шығармашылық еңбегіне тамсанбайтын, таңдай қақпайтын үлкен-кіші азамат кемде-кем. Біздің кітапхана қорынан ақынның әр жылдары шыққан кітаптарын, 3,5 томдық жинақтарын, «Әдебиет әлемі» сериясымен шыққан «Мұқағали» энциклопедиясын, «Жыр-ғұмыр» атты электрондық нұсқаны, кітап-альбомды таба аласыздар.
Қазақ поэзиясының құбылысына айналған дара ақын жайлы естеліктер, оның туындыларының өзіндік сипаты жөнінде ой-пікір білдірген мақалалар, зерттеулер көптеп жазылып, жарияланып та жатыр.Соның айғағы ретінде қорымызда бар Әбдіқалов Айтақынның «Хантәңірінің мұзбалағы» естелік кітабы мен Ібітан Еркіннің шығармалар жинағының 2 томын оқуға ұсынамын.
«Мұқағали» атты энциклопедия, «Мұқағали» журналының шығу да көңілге қуаныш ұялатады. Жыр сүйетін, ізденімпаз жастар үшін «Мұқағали» журналы өте пайдалы деп білемін. Бұл журнал халқымыздың әр үйінің төрінен табылса да артықтық етпейді.
Ақынның туған күнінде кітапханамызда өткен Нарынқолдан шыққан ақын қызымыз Мақпал Мысамен кездесу кеші де жүрегімізге жылылық ұялатты.
Күнделікті өмірімізде рухани күш беріп, көңілімізді әсерлендіріп, жүрегімізді тербетер ақын жырлары – мәңгілік!
А.С. Ахмадиева абонемент бөлімінің қызметкері