Мәриям Хакімжанова шығармаларының үш томдығы. Құрастырып, алғы сөзін жазған Мағира Қожахметова. - Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006 ж.
Қостанай өңірінен шыққан дала сандуғаштарының бірі, аты қазаққа мәлім Балғожа би ұрпағы Ыбырай Алтынсаринмен немере туыс Хакімжанның қызы – Мәриям Хакімжанова. Анасының аты – Төлеген. Балалық шағынан-ақ қиссаларды жатқа айтып, жеңгелеріне арнап суырып сап өлең шығарып, шешендік қабілеті ерте байқалған. Алматыға Бейімбет Майлиннің ықпалымен келген оның сол кездегі «Әйел теңдігі» журналында алғаш «Женотдельге» өлеңі басылған екен. Журналға жұмысқа қабылданып, көп жыл талмай еңбек еткен. Яғни, қазіргі «Қазақстан әйелдері» журналында.
Ақын өлеңдері ең алдымен өзінің қысқалығымен, ойлылығымен, сезімге толы сыршылдығымен, қарапайым айқындылығымен қымбат. «Жас өмірім бақытсыздықпен өтті. 21 жасымда өлідей, 31 жасымда ( 1937) тірідей жесір қалдым. Жолдасымның 2 баласын, 11 жасар інісін, ағамның бұрынғы әйелінен қалған 2 баласын, майданнан жараланып келіп қолымда қайтқан қайнымның 2 баласын, ( ұзын саны 7 баланы) бағып-қағып өсірдім. 5-не жоғары, 2-не орта білім бердім. Қазірде бәрі ақар-шақар семья құрып, қолқанатым болып отыр",- деп жазған ақын апамыздың естелігін оқығанда шығармашылығымен қатар ер-азамат орнын басып, туған-туысына да қамқоршы болғанын көреміз. Ақын өлеңдерінен өмір жолын танимыз. Шығармаларында тірлік кешкен жылдарының, құрбы-құрдастарының, ірілі-ұсақты оқиғалардың, әмірі асқан саясаттың іздері сайрап жатыр. Апай ұлы даланың ақын қыздары Сара, Ұлбике, Шолпан, Майралардың ізін жалғастырушы әрі 60-жылдарға дейінгі қазақ әдебиетінде қазақ қыздарының дарасы болды.
Мәриям Хакімжанова – тек ақын емес, ол жақсы әңгімеші, шебер очеркші, әдебиет зерттеушісі, белгілі қоғам қайраткері. Мәриям апасының қолынан ас ішіп, талай жас қан майданға аттанды. Өзекті жарып шыққан өлеңдерін аманат етіп апайларына тапсырды. Оны Мәриям апай қастерлеп сақтап, баспаға тапсырып, жарыққа шығуына жәрдемдескен. Аналық алақаны мол, кең пейілді, аса байсалды, кішіпейіл, жаны сұлу апайды ізін басқан қыз-келіншек ақындарымыз Фариза Оңғарсынова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Әмина Шалабаева, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтхожина, Әдия Сексенбаева, Мағира Қожахметовалар өздеріне үлгі, ұстаз тұтты. Ақын 89 жасында қайтыс боп, 3 томдығының жарыққа шыққанын көре алмады. «Мен қазақтың қызымын асқақ үнді, өлеңдетіп қарсы алам шыққан күнді»,- деп жырлап өткен ақын шығармалары тұтастай бір ғасырдың жинақталған шағын мазмұны сияқты. «Мәриям ақын қазақ поэзиясына қосқан үлесімен ғана емес, өзінің азаматтық адалдығы, еңбектегі табандылығы, анаға жарасар байсалды мінезімен де бүкіл қазақ қыздарына үлгі де, өнеге де бола алады», - деп ақын ағамыз Қайныкей Жармағамбетов дәл тауып айтқан. Адалдықтың ақ туын желбіретіп өткен ақын апамыз өзінің шығармаларымен, өмір-өлеңімен әрқашан туған халқының ортасында, ұрпағының жадында. Ақын шығармашылығымен танысқыңыз келсе, біздің кітапхана қорындағы ақын өлеңдерінің жинақтарын оқыңыз.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Ахмадиева А.С.