Өшпес ерлік жасап, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандықтардың бірі – әскери ұшқыш Нүркен Әбдіров. Ол 1919 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туылған. 1942 жылы шабуылдаушы ұшқыш Н. Әбдіров майданға жіберіледі. Алғашқы әуе шайқасына 23 қазанда қатысып, екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде 16 рет әскери-әуе жорығына араласты, жаудың 12 танкісін, 28 автомашинасын және т. б. техникаларын, 50-ге тарта солдаты мен офицерін жойды. 1942 жылы 19 желтоқсанда Ростов облысы Боков ауданындағы Коньков хуторына шоғырланған жау танкілері мен автомашиналарына жасалған шабуылға қатысты.1943 жылы 31 наурызда Н. Әбдіровке өшпес ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкерлері Көп салалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесіп «Ер есімі - ел есіңде» атты ақпараттық сағат өткізді. Аталмыш шарада батырдың өмірбаяны мен ерлік жолындағы тарихын баяндап биылғы жылы батыр ескерткішіне 60 жыл толғандығына тоқталды.
Әбдіров ескерткіші – 1958 жылы Л. Е. Воробьев, Ю. В. Гуммель қарағандылық А. П. Билык сияқты сәулетші-мүсіншілердің еңбектері арқасында бой көтерген болатын.
Ұшқыш-сержант Әбдіровтің беліне дейінгі денесін бейнелейтін мүсін сына тәрізді биік тұғырға қойылған. Мүсіннің кейіпкермен түр ұқсастығы, киім формасының дәлдігі ескерткіштің жетістігі болып табылады. Мүсіншілер жанып бара жатқан самолетті Сталинград түбінде тұрған жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттаған. Дәл ерлік жасар сәтіндегі өжет шешімге келген жүзін анық көрсеткен. Шойыннан құйылған мүсіннің биіктігі 4,8 м., мәрмәр тақтамен қапталған. Жалпы биіктігі 9 м ескерткіш үлкен көшемен жақсы жарасым тапқан.1985 ж. ескі тұғыр жаңартылды.
Бүгінде кеншілер астанасы – Қарағандымыздың қақ ортасында батырдың ескерткіші оның ерлігін паш етіп тұрғандай! Ердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды, ұмытылмақ емес! Осындай батыр біздің жерлесіміз болғандығын зор қуанышпен, үлкен мақтанышпен жеткіземіз!
Құдайберген А. Е. Өнер туралы әдебиеттер бөлімі