Ұрпақтарды рухани қоректендіріп, адамгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайтын жандардың бірі - Баян Бекетова.
Оңтүстік Қазақстан облысы,Бәйдібек ауылында дүниеге келген ақын қыз Қазақ телевизиясы мен радиосы мемлекеттік комитетінде, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі» республикалық газеттерінде тілші-журналист қызметтерін атқарған. Өлеңдері «Аудитория», «Қарлығаш» атты топтама жыр жинақтарына енген. «Үмітім менің» (1982), «Жалғыздық» (1984), «Сәмбітал» (2001), «Көлбастау» (2001) атты жыр жинақтары жарық көрген.
ll Халықаралық Түркі поэзиясы фестивалінің лауреаты. «Сорос Қазақстан» Халықаралық қорының «Қазіргі заман поэзиясы» бәйгесінің жүлдегері.
Ақын өлеңдерін оқи отырып, біз тіршілік еткен қоғамдағы барлық әлеуметтік, азаматтық, ең бастысы адами болмыс құбылыстарды кеңінен қамтығанын байқаймыз. Мына шумақтарға назар аударыңызшы:
...Жұмыр жерді сыйғызып жанарыма,
Ем іздеймін табиғат – жаралыға.
Жүрегімде жетім ой шырылдайды,
Сан-сауалдар миымды шағады да,- немесе
Дәм – тұз жазып жолықтық көктемеде,
Бұлданасың ,жаным-ау ,текке неге?
Жасандылық жат еді болмысыма,
Иілмеді деп оңай өкпелеме, я болмаса
...Жүрегімді ауыртқанша жүз рет,
Абайсызда жұлып таста бір рет,
Киелі ғой жүрек деген тілсіз от,
Жүрек деген...
Жүрек деген құдірет! Ақынның бұл жырларын абонемент бөлімінің қорында бар «Жалғыздық», «Көлбастау» атты кітаптарынан оқи аласыздар. «Баян тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені көреді, сезеді. Сол сезім өлең болып өріледі. Ерекшелігі сол - ол өз жанына әсер етпеген құбылысты өлең етем деп әуреленбейді деп, - ақын Фариза апайымыз дәл тауып айтқан екен.
Баян Бекетова – өз қолтаңбасы, өз дүниетанымы қалыптасқан ақын. Оның өлеңдері жасқа да, жасамысқа да серік болады. Ақынның ағынан жарыла жазған жырлары әрбір оқырманның жүрегіне жететіні анық. Оқып көріңіздер, жақсы жыр жан тебірентетіні рас.Ақын жырлары ұлтымыздың рухани азығына айналатынына сенеміз.
Абонемент бөлімінің кітапханшысы Ахмадиева Алмагүл